Биыл бұл өңірде қардың түсу көлемі жылдағы өлшемнен екі-үш есе көп. Қатты соққан жел даладағы қарды қала және қалаішілік кенттерге толтырып, үйіп тастады. Осыған байланысты қала әкімі Әмірхан Асанов көктемгі су тасқынынан сақтану үшін тұрғындарға үндеу жасады.
«Былтырғы жағдай қайталанбас үшін біз жаз, күз мезгілдерінде сырттан су келтірмес үшін арық-тоғандар жасап, бірқатар жұмыстар істедік. Биыл қала және кенттерден 61 мың 800 куб қар шығару үшін мердігерлермен 131 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды. Бұл жұмыстар игеріліп жатыр. Жоспарланған қар шығарылды. Алайда, қардың көптігіне байланысты облыстан қосымша 150 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражатпен 190 мың куб қар сыртқа шығарылмақ. Қазіргі таңда осы екі шартпен 226 мың куб қар шығарылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Себебі, қардың көптігіне байланысты облыстық бюджеттен тағы да қосымша қаражат сұрағалы отырмыз. Тұрғындарға өтініш, әсіресе кенттерде тұрып жатқан тұрғындарға аулаларындағы қарды сыртқа шығарсаңыздар, біз ол қарды далаға шығаруға жұмыс жасаймыз. Кіші кенттерден 162 бос үй анықталды. Тексеру барысында оларда ешкімнің тұрмайтыны анықталған. Ендігі ескерту, осы үй иелері аулаларындағы қарларын жоғарыда айтылғандай сыртқа шығарулары қажет. Өткен жылы кей тұрғындар үйлерінде тұрмаса да «су тасқынынан зардап шектік» деп өтемақы сұраған болатын. Біз оны сот арқылы дәлелдеп, қаржы төлеген жоқпыз. Енді, сондай жағдай қайталанбас үшін адам тұрмайтын үйлерге фото, видео айғақтарымен хаттама толтырып, мәліметтер жинақтап жатырмыз. Сол себепті, адам тұрмайтын үйлерге өтемақы алуға жол берілмейді», – дейді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы тұрғындарға үндеуінде.
Учаскелік инспекторлар тұрғындарға 1454 хаттама берді. Егер, тұрғындар талапты орындамайтын болса 20 АЕК көлемінде (78 мың 640 теңге) айыппұл салынады.
Тұрғындарға үндеу жасаған қала әкімі өз баспаналарын судан аман алып қалу үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ Арқалық қаласы