Қала да кәсіп те, өмір де бар дейміз. Сондықтан болар көбі ауылдан қалаға кетуге әуес. Алайда, ауылда қалып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Сондай кәсіпкердің бірі – аманкелділік «Жомарт» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айгүл Салауатқызы. Ол мемлекеттен 5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, құрама жем өндіру кәсібін ашқан. Батыр атындағы аудан — ауыл шаруашылығына жайлы мекен. Іс бастаймын деген адамға әр қашан қолдау көрсетіліп, кәсіп бастауына жағдай жасалады. Негізі, Айгүл ханым математика пәнінің мұғалімі. Бірақ кәсіпкер болуды таңдаған. «Әр адам ауылды дамыту үшін барын салу керек. Себебі ауылда өмір бар» дейді.
— Жолдасым екеуміз әрқашан еңбек етуге, ел үшін қызмет істеуге даярмыз. Бұрыннан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеміз. Өз ісімізді бастауға мемлекеттің тигізген көмегі орасан зор. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде қайтарымсыз грант алдық. Қаражатқа мал азығын өңдейтін аппарат сатып алып, оны қолданысқа енгіздік. Қазір қайтарымсыз грантқа алған 2 шнек, 2 бункер және үккішті қолданып жүрміз. Үккіш мал азығын ыңғайлап, оны ұсақтайды. Сағатына 2-3 тонна мал азығын ұсақтап, дайын етеді. Нәтижесі жақсы. Негізінен кәсіпті ашуға жолдасым түрткі болды. Себебі өзі мал шаруашылығымен айналысады. Қазір мал бордақылау алаңдары көптеп ашылуына байланысты сұранысқа ие. Сол үшін де маңыздылығы жоғары деп есептеймін. Аманкелді ауылдық округіне қарасты Кемер ауылының тұрғынымыз. Отырған жеріміз кәсібімізді жүргізуге жайлы. Ауданға жақын орналасқан. Жол қатынасы жақсы. Бұл жерден кәсіп ашу көптен ойымызда жүрген еді. Сәті енді келген секілді. Кәсібіміз жақсы жүріп жатыр, — деді кәсіпкер.
Кәсіпорынның ашылуына Аманкелді ауылдық округ әкімі Гаухар Мұратқызы да арнайы барған болатын. Кәсіпорынмен танысып, лентасын қиған. Айгүл Салауатқызына сәттілік тілеп, ел үшін істеп жатқан ісіне ризашылығын білдірген еді.
— Соңғы уақытта ауданымызға мал азығын дайындайтын, яғни жем, арпа, сұлы секілді дақыл түрлерін ұсақтайтын орынның керек екені айтпасақ та түсінікті. Сол мәселе биыл шешімін тапты десек болар. Енді, мал азығын ұсақтап, оны тиімді ету үшін алысқа сабылудың қажеті жоқ. Осы жерге әкеліп, тиімді баға да жасауға әбден болады. Айгүл ханымды көптен білеміз. Әрқашан елдің қамын ойлап, атамекенін көркейтуге үлес қосып жүреді. Бұдан бөлек, шағын киім-кешек сататын арнайы дүкені де бар. Жолдасы Қасымхан Айтмұханұлы да еңбегімен елге танылған, халқының қалауын орындаған азамат. Жерлестеріміз мемлекеттен берілген көмектің тиімділігін көретін болса, ол ауданымыз үшін үлкен қуаныш, — дейді Гаухар Мұратқызы.
Расында, Айгүл Салауатқызы сияқты еңбексүйгіш жандардың көп болғаны қандай ғанибет. Үйдің жұмысы мен кәсіпкерлік қызметті қатар алып жүру – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Бүгінде кәсіпкеріміздің бес баласы бар. Отбасында аяулы ана, ардақты жар.
— Қазір әр адамның еңбек ететін уақыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады”, – деген болатын. Сол үшін де әр адам өзінің туған жеріне, аймағына өз пайдасын тигізуі керек. Біздің қоғамда әйел адамның кәсіпкерлік салаға араласуы көңіл қуантады. Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Өз ортасы мен айналасына мейіріммен қарап, жақсылық жасары сөзсіз. Ауданымызда кәсіпкерлер саны көбейе түссе, өте жақсы болар еді. Жұмыссыздық саны кеміп, ел экономикасы тұрақтанып, халықтың еңбек ету сапасы көтеріледі. Мен қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар аптаның бес күнінде жұмыс істеп, екі күн демалады. Жалақылары да лайықты. Еңбек етуге барлық мүмкіндік жасалған, — дейді Айгүл ханым.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Аманкелді ауданы