Рамазан айында аудандық Сатыбалды ишан мешітінде қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының Президенті Аманкелді қажы Әбдіхалықовтың демеушілігімен «Рамазан қоржыны» қайырылымдылық акциясы ауданымызда екінші мәрте өтті.
Азық-түлік қоржындары Аманкелді, Есір, Қоғалкөл ауылдарының отызға жуық көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға тізім бойынша үлестірілді. Қоржындарды әр мекенжайға жеткізуге аудандық мешіт жанындағы еріктілер бастаған жігіттері тегін қызмет көрсетті.
Акция барысында “Сатыбалды ишан” мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Мұхаммеднұрұлы жиналған халықты Рамазан айымен құттықтап, қайырымдылық акциясын ұйымдастырған Аманкелді қажы Еренғайыпұлына алғыс білдірді. Көп балалы аналар атынан Ләззат Тасжанова қайырымдылық пен қамқорлық көрсеткен Аманкелді қажыға ризашылықпен рахметін айтты.
Мешіт жанашыры Аманкелді қажы Еренғайыпұлы биыл әлеуметтік серіктестік аясында туған жеріне волейбол және баскетбол алаңын салып берген еді. Сондай-ақ, Амангелді қажы ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойында мешітке «Қағба Қисуасын» тарту еткен болатын. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған бұл қайырымдылық акциясы жыл сайын өткізілмек.
Айбек ТАҢАТБАЕВ