Қостанай облысында жылу желілері жаңартылады   

Қостанай облысында жылу желілері жаңартылады  

Облыстағы жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 810 шақырым. Оның 57%-нің тозығы жеткен.

Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен кеңесте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров баяндады.

– Мемлекет басшысының жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 2029 жылдың соңына дейін 43%–ға дейін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әкімдіктер жоспарлар әзірледі. Соған сәйкес 200 шақырым желіні қайта жаңарту жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.

Желілердің нақты жай-күйін анықтау үшін 1 маусымға дейін 810 шақырымның 540 шақырымына техникалық тексеру жүргізіледі. Қалған желілердің техникалық сараптама көрсеткіші жақсы.

– Облыстың 9 ауданына техникалық тексеріс жүргізіліп, төрт ауданға қорытынды жасалды. Нәтижесінде Бейімбет Майлин ауданының жылыумен жабдықтау желілерінің 70%-і, Ұзынкөл және Қамысты аудандарында 20%-і, Қарабалық ауданының желілері 100% тозған. Қалған 470 шақырымға жылыту маусымы толық аяқталған соң зерттеу жүргізіледі, – деді ол.

Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен жылыту маусымына дайындық үшін қомақты қаржы бөлінеді. Биыл да осы мақсатқа 5,2 млрд теңге қарастырылған.

Басқарма басшысы жылумен жабдықтау нысандарында қызмет ететін жұмыскерлердің дені зейнет жасына таяғандығын алға тартты. Білікті мамандардың аздығы, қызмет көрсету сапасына кері әсер етеді деп отыр.

– Жылыту көздеріндегі жабдықтар күтіп ұсталса ұзақ жылға шыдас береші еді. Тиісті біліктілігі жоқ немесе тәжірибесі төмен жұмысшылар оқыс оқиғада шарасыздық танытады. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Меңдіқара ауданының Боровской ауылының орталық қазандығында жылыту экономайзері (жанармай үнемдеуге арналған құрылғы) тесіліп, қазандықтардың бірі істен шықты. Бұл қазандықты әлдеқашан жөндеуге шығаруға болар еді. Алайда жұмысшы жабдықты пайдалану ережесін білмегендіктен оқиға орын алды, – деді Д.Асқаров.

Айтуынша, қазандық жабдықтарын тексеру және тіркеу ісі ТКШ бөлімдеріне, аудандарда құрылған үй инспекцияларына жүктелген. Алайда, ешбір аймақ әлі тиісті жұмысты бастамаған.

– Жылыумен жабдықтау желілеріне техникалық тексерістің сапалы жүргізілгенін қадағалау керек. Тексеру жүргізетін компаниялардың көрсететін қызметін бақылауда ұстаңыздар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу