Субсидияның орынын несие баспақ

Субсидияның орынын несие баспақ

Биылдан бастап шаруаларға субсидия берілмейді. Оның орынына олар жеңілдетілген несие ала алады.        

 Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров субсидияның берілмеу себебі қаржы тапшылығымен байланысты екенін айтқан болатын.

Қазақстан фермерлер одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Марат Ахметов несиенің 5 пайыздық мөлшерлемесі көп екенін айтады.

 “Канада, Америка яғни дамыған елдерде болып жүрміз, мұндай тәсіл жоқ. Ол жақта несие 1,5-2 пайызбен 15 жылға дейін беріледі. Осыған дейін жағдай онша болған жоқ, субсидияны алып тастаса тіпті қиындап кете ме деп күмәнданамын. Өйткені, дәнді дақылда баға жоқ, ал логистика жағы қымбат. Майлы дақылдарды өткізу қиынға соғуда. Қостанай өңірінің шаруалары 50 млрд-тан астам субсидиясын ала алмай отыр. Қазақстан бойынша бұл цифр тіптен көп. Үкіметтің берешегі жылдан-жылға көшумен келеді. Ал қаржы институттары бізден алады. Өсімақысы қосыла береді”, – дейді Марат Ахметов.

Қазақстан фермерлер одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы ауылдық жерге жұмысшы маманы болып барған жастарға үй салу үшін төленетін қаржы да аздық ететінін айтады.

“Жастар тек үй үшін бармайды. Оның үстіне үй салғанда шаршы метріне 100 мың теңге беріледі дейді. Ол ақша аз. Өйткені, үй салғанға дейін жобалық-құндық құжаттамасын әзірлеу керек. Шаршы метріне кем дегенде 200 мыңнан берілуі керек деп есептеймін. Сол себепті құрылыс жағы қиындау. Осы сынды  ұсынысымызды Айдарбек Қожаназаровқа жеткіздік, елеп-ескереді деген сенімдеміз”, – дейді Марат Ахметов.

Астықты өңірге сапарлап келген  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров былтырғы субсидиялар бойынша өтелмеген берешек, қарсы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ “Кең дала 2” бағдарламасы шеңберінде болған қос кепілдік мәселесін ортаға салды. Мәжіліс депутаты аталған мәселе түрлі деңгейде қаралып жатқанын айтты. Нақырақ айтар болсақ, наурыз айының соңына дейін субсидия төлеу жоспарланып отыр.

“Бұл барлық субсидиялар жайында емес, пайыздық мөлшерлемені өтеу бойынша субсидиялар жөнінде болды. Фермерлер 20-24% несие алып, кейін мемлекеттен пайыздық мөлшерлемені қайтаруды күтеді. Кейбір фермерлер мұндай қаржылық жүктемеге төтеп бере алмайды. Шын мәнінде, банктер осыдан ақша табады, енді субсидиялаудың осы түрін алып тастау және ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.  Ал қалған субсидиялар өзгеріссіз болады”, – деді ол.

Субсидияларды жеңілдетілген несиеге ауыстыру мәселесін де ашып, түсіндіріп өтті. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жеңілдікпен қаржыландыру ережелеріндегі өзгерістер енгізілетінін айтқан еді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу