Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз крипто алмастырушының қызметін тоқтатты.
Қостанайда ерлі-зайыптылардың цифрлық активтерді сатып алу-сату бойынша тыйым салынған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны анықталды.
“Астана” халықаралық қаржы орталығының алаңынан тыс жерде әрі ел ішінде таралмаған кәсіп 2020-2024 жылдар аралығында жүзеге асып, оны қолға алушылар аса ірі көлемде табыс тапқан.
Осы кезең ішінде веб-сайт құрылып, Bitcoin, Litecoin-ның цифрлық активтерімен айырбастау операциялары жасалған. Оның жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Кейін заңсыз кірістерге құны 16 млн теңге болатын автокөлік құралы мен жер учаскесін сатып алынғаны белгілі болды.
“Қостанай қаласының №2 соты Забировтарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі 2 тармағында көрсетілген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оларға екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Забиров сот залында қамауға алынды, Забированың жазасы жас балалары болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырылды. Заңсыз жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді”, – деп хабарлайды ҚР ҚМА Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері.
Прокурордың Забировқа қатысты азаматтық талабы жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеден астам сомаға толық көлемде қанағаттандырылды, ол оның ішінде сотталғандарға тиесілі тыйым салынған мүлік есебінен орындалатын болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.