Қостанай облысының шаруалары өткен жылғы субсидияларына қол жеткізе алмай отыр.
Бұл мәселені астықты өңірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров келгенде өңір шаруалары көтерді.
Су тасқынының келтірген залалы субсидия бойынша тапшылықтың себебіне айналып отырғаны аян. Бюджеттегі қаржының дені су тасқынының зардабын жоюға бағытталғанын айта кетейік.
“Қазір мемлекет облыс бойынша 52 млрд теңге субсидия қарыз. Министрменмен бұл жөнінде сөйлестім. Сондай-ақ Серік Жұманғариннің алдында да көтердім. Бұл мәселе шешіледі. Бұйыртса, келесі 3-4 айдың көлемінде осы қаржы төленеді. Енді тағы да бір түсініспеушілікті түсіндіріп өтейін. Субсидияның орнына жеңілдетілген несие береміз. Бұл жерде дүрлігуідің қажеті жоқ. Бұл жерде тек процентті өтеп беретін субсидияларды алып тастаймыз”, – деп түсіндірді депутат.
Бұған дейін шаруалар 22 пайызбен жыл сайын несие алып келген еді. Оның 14 пайызын үкімет өтеп беруі керек болатын. Бірақ берер алдына дейін сол 22 пайызды шаруа өз қалтасынан банкке төлеуі керек. Ал үкімет болса төленетін субсидияны әрдайым кешіктіреді. Ақыр соңында кешіктірудің нәтижесінде шаруаларға қаржылай үлкен жүк түсетін. Осындай жағдайға жол бермеу үшін, қазір бүкіл пайызды өтеу субсидиясы жойылады. Оның орнына жеңілдетілген несие 5 пайызбен беріледі.
Сералы МЫРЗАБАЙ