Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың назарын валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығына аударды.
“Желіде азаматтар шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын бейнелер таратылады. Бұл бейнероликтер адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді”, – деп ескертеді ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.
2024 жылдың басынан бастап қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірген 2 мыңға жуық жалған банкнота Қазақстан аумағында айналымнан алынып тасталған.
“Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты. Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтері, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз”, – деп хабарлайды ҚР ҚМА өкілдері.
Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамаған дұрыс. Сақ және абай болыңыздар! Егер жалған немесе күмәнді банкноталарды тапсаңыз оны сатуға тырыспаңыз. Дереу ҚМА немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына хабарласып, қажетті тексерулерді жүргізгеніңіз жөн.