Ішкі істер саласына еңбегі сіңген тұлға, отставкадағы полковник Елікбай Кенжетаевқа кезінде өзі қызмет атқарған Қостанай станциясы желілік полиция бөлімінің алдына мемориалды тақта орнатылды.
Елікбай Кенжетаев еңбек жолын осы саладан бастап, Қостанай станциясы желілік полиция бөлімінің орынбасары лауазымына дейін жоғарылады.
“Елікбай Әуезханұлымен бірнеше жыл қызметтес болдым. Ол кезде теміржол бойындағы қылмысқа қатысы бар адамдарды құрықтайтын мобилді топты басқарды. Сонда Басы Есілден, оңтүстікке дейінгі станцияларды шарлауға тура келетін. Әріптесіміздің табандылығы, бұлжымас қайсарлығына талай көзіміз жетті”, – дейді отставкадағы подполковник Рүстем Шагаев.
Елікбай Әуезханұлы кезінде таулы Карабахта әскери борышын өтеп, қанды көйлек дос-жауынгерлерімен соғыста талай азапты басынан өткерген.
Бүгінде осы таулы Карабах ардагерлерінен құралған қоғамдық бірлестік бар. Төрағасы – Тобыл станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқарып келген Сәкен Тұрысбекұлы.
“Елікбаймен өз басым Тобыл станциясын қызмет еткеннен таныспын. Көрген сайын таулы Карабах туралы айтатынбыз. Ағамыз сондай бауырмал еді”, – деп еске алады Сәкен Тұрысбекұлы.
Осы істің басы-қасында жүріп, ескерткіш тақтаның қойылуына себепші болған Елікбай Әуезханұлының бауыры Батырхан Кенжетаев.
“Бұл жайында алты ай бұрын ақылдасқан болатынбыз. Таулы Карабах ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұсынысымды бірден қолдады. Бір жағы бауырымның көпшілдігінің арқасында осы шаруа жүзеге асты деп те ойлаймын. Досқа адал, мейірімді, туыс-туғанның басын қосып жүретін. Жарқын бейнесін әрдайым еске алып, қолдау көрсеткен достарына алғысымыз шексіз”, – дейді Батырхан Кенжетаев.
Елікбай Әуезханұлының артында бүгінде туыс-туған бауырлары, жолдасы мен ұлы қалды.
Осы жамағайынның бауырды, адал жарды, асыл әкені еске алу жиынына куә болғандардың қатары көп болды. Бірі жырдан шашу шашып, бірі қимас достарын, бауырларын жүректі тебіренте еске алды.
Айбек ЖҮЗБАЙ