Қостанай облысы ТЖД мәліметінше, қазір Қарасу ауданында Қарамырза және Железодорожный ауылдарында су тасқыны жағдайы тұрақтанды, зардап шеккендер жоқ, адамдар үйлеріне оралған. Екі күн тұрған судың беті қайта бастады.
Осы жылы Қарасу ауданындағы 44 үйді (Железнодорожный – 5, Карамырза – 35, Молодежный – 1, Восток – 3) еріген қар су басқан. Жалпы, шамамен 70 мың текше метр су сорылып, 1640 дана қапшық төселіп, ұзындығы 40 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді.
Таңертеңгі сағат 8-дегі жағдай бойынша, аталған елді мекендерде су басу қаупі толығымен жойылған.
Естеріңізге сала кетейік, 6 жыл ішінде Қарамырза ауылын 4 рет су басқан. Биыл су тасқыны мен Тінтуір өзенінің төгілуіне байланысты су 2,5 метрге көтерілген, сондықтан инженерлік құрылыстарды жасау мүмкін болмай тұр. Бұл елді мекендерге көктем сайын су жайылып кетеді. Тұрғындарды су тасқынынан қорғау үшін билік өкілдері оларды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдады, оған елді мекендердің тұрғындары толығымен келісті.
Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Қ.Ақсақалов су тасқынының қаупін сейілту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Айта кету керек, жағдай қазір үнемі бақылауда.
Зардап шеккендерге мемлекет міндетті түрде материалдық көмек көрсетеді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары болашақта су тасқынын болдырмау үшін қауіпсіз жерде жаңа үйлер салуға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Мемлекет тауар өндірушілердің шығынын 50% субсидиялауға бейілді.
Бүгінгі таңда Қостанай облысындағы барлық ауданда су тасқыны қаупі барынша азайтылды. Дегенмен, қардың қарқынды еруіне байланысты Қарасу өзенінің бойындағы елді мекендерді әлі су басу қаупі бар. Атап айтқанда: Қарасу, Восток, Люблинка, Черняев, Ленин ауылы, Зеленов ауылдары. Су тасқынын жою үшін жедел жұмыстар атқарылып жатыр.
Суреттерді түсірген С.Миронов.