Төлеубек Мұқашев: “Мәслихаттар алдында жаңа міндеттер тұр”

Төлеубек Мұқашев: “Мәслихаттар алдында жаңа міндеттер тұр”

Бүгін, 7 сәуірде «Қазақстан мәжіліс депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарымен кездесті.

Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов, жетінші, сегізінші шақырылым депутаттары қатысты.Отырыс мақсаты – Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру тұрғысында барлық дегңгейдегі депутаттардың ортақ ұсыныстары жөнінде пікір алмасу. Т.Мұқашев өз баяндамасында қазақстандықтардың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды белсенділендіру қажет екеніне баса екпін салды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарды әлеуметтік әділеттілікпен қамсыздандырып, тұрмыстық жағдайы мен сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Қазақстан халқы мен мемлекетінің жарқын болашағы үшін барлық қажетті шараларды іске асыратынымызға сенімдімін», – деді бірлестік төрағасы.

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру, мәслихат алдындағы жаңа міндеттер депутаттар қызметіне айтарлықтай жаңғырту енгізуді талап етті. Жаңа бетбұрыс жағдайында мәслихаттар мен депутаттардың алдында жаңа міндеттер тұр. Олардың негізгі мақсаты  – өз аймақтарында сапалы әлеуметтік инфрақұрылым жасау болып қала бермек. Атап айтқанда, балабақша, мектеп, кітапхана, сауда нысандары, жол салу, абаттандыру, әлеуметтік объектілер және тұрғын үйлер құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу басты назарда ұсталуы тиіс.Отырыс барысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының және  сәуірде «Қазақстан мәжіліс депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы мүшелерінің Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын қолдау және іске асыруға қатысты ортақ үндеуі оқылды. Онда Әділетті Қазақстанды құру үшін барлық мемлекеттік орган мен ведомстволар республика тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға ұмтылуы керегі, оған бүкіл халық болып қолдау білдіру қажет екені сөз етіледі.

“Отандастар! Президентті қолдайық! Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, әрдайым бір сапта болайық. Біз Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарын бірге өткіздік, бүкіл әлемге танымал болған Қазақстанды құрдық. Қазіргі таңда Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Ендігі кезекте, біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрекет ету өте маңызды. Сайлауалды бағдарламада айтылғандай, «Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!» – делінеді үндеуде.

Бұл үндеу активке қатысушылардың толық қолдауына ие болды.Жиын қорытындысында жетінші шақырылым депутаттарына өңір экономикасының дамуына қосқан үлестері үшін «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағы табысталып, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттарды облыс әкімі Қ.Ақсақалов, республикалық бірлестік төрағасы Т.Мұқашев, облыстық мәслихат төрағасы С.Ещанов табыс етті.

Айта кетейік, жаңа сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың құрамында 32 депутат бар. Олардың ішінде 16 депутат бір мандатты округтер бойынша, қалғандары партиялық тізім бойынша сайланған.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу