Өңір басшысы Науырзым ауданына жұмыс сапарымен барды

Өңір басшысы Науырзым ауданына жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Науырзым ауданында болып, халықпен кездесті. Кездесуде аудан әкімі Мәди Ихтиляпов ағымдағы жылдың 9 айында ауданда әлеуметтік-эконмикалық дамуы жайында есеп берді.

Соңғы 9 айда аудан эконмикасында өсім бар. Аудан көлеміндегі 11 ауылдық округтің 8-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Жол жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Дәмді, Шилі ауылдарына баратын жолдар жөнделген. Көшелердің жарықтандыруы да жыл соңына дейін 80 пайызға жетпек. Кәсіпкерлік саласы да дамып, өз ісін ашқан азаматтар мемлекеттен тиісті қаражатты алған. Бұл ауданның дамуына оң әсерін берері сөзсіз.

Облыс әкімі бос жатқан жерлерді игеріп, мал басын көбейту керек екенін ескертті. Сонда ғана халықты жұмыспен де, мал өнімдерімен толық қамтамасыз ете алатынымызды тілге тиек етті. Әсіресе бордақылау алаңдарының қажеттілігіне тоқталды.

Тұрғындар мал басын көбейту үшін еш жағдай жоқ екенін айтты. Малды бағатын бақташы, оны ұйымдастыратын адам да жоқ. Білдей бір ауданда мал бағатын адам табылмай отыр. Халық мал шаруашылығын дамыту үшін өңдейтін орындар керек екенін де алға тартты. Қазірдің өзінде мал терісі далада шіріп жатыр. Сондай-ақ өңірде егінді өндіретін диірмен жоқ. Нан пісіретін наубайхана да қат. Ауданға нан Әулиекөлден тасымалданады. Егер ол жақтан нан жеткізілмесе, халық нансыз қалады. Сонымен қатар ауданға көгілдір отынды тарту мәселесі де алаңдатады.

 «2019 жылдан бастап газға қосылуға рұқсат жоқ. Ақтөбеден тартылатын газ қосылса, барлық аудандар қамтылады. Ал диірмен мен мал шаруашылығын дамыту үшін инвестор керек, жұмыс атқарылады», – деп түсіндірді облыс әкімі.

Халықты алаңдататын маңызды бір мәселе бар – ел ауданнан үдере көшуде.

 «Себебі, медицина саласы нашар, интернет жоқ, соның кесірінен уақытында байланысқа шыға алмаймыз. Тіптен су тасқыны кезінде халықтың малы тасқын суға ағып кетті. Оны айта алмадық. Мал бағу үшін жер ала алмай отырған ел азаматтары да бар. Жедел жәрдемді шақыру үшін оған алдымен науқас өз ақшасына бензин құю керек. Әйтпесе далада қаласың. Тиімді несие алуға да жағдай жоқ. Бүгінгі біз слайдта көрген жобалар мен шынайы Науырзымның келбеті жер мен көктей. Мәселені ашып көрсетпей, елдің жағдайы дұрысталып кетпейді»,  – шағымданды ауыл тұрғыны.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселелерге қатысты тиісті сала басшыларын орындарынан тұрғызып, жауап алды. Қандай жағдай болса да анық-қанығы нақтыланғанша тексерілетін болады.

Жалпы, ауданда қордаланған мәселе жетерлік. Оның бәрі де жан-жақты қаралып, шешімін табады.

Толығырақ газеттен оқитын боласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу