Қостанайда Кітапханашы күні ерекше салтанатпентойланды. Бұл іс-шара кітапхана қызметкерлері үшін, сондай-ақ мәдениетпен және біліммен байланысты барлық адамдар үшін нағыз мереке болды.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап 24 қазан Кітапханашы күні болып бекітілген. Кәсіби мереке содан бері аталып келеді.
Іс-шарада кітапханашылардың сапалы, саналы ұлт қалыптастыру жолындағы қызметтері айтылды. Бұл мамандықтың маңызы жөнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:«Кітапханалар қызығушылықтардың орталығына айналып, кітаптардың қызықты әлеміне жол ашуы тиіс. Жұртшылық бұған мұқият назар аударуы керек. Кітапсыз, кітапханасыз қазіргі әлемде адамның ойлауын дамыту мүмкін емес», – деген еді.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, мереке иелеріне лебізін білдірді.
“Қостанай облысының мемлекеттік кітапханалары болашақ ұрпақ үшін тарихи мұраны сақтауға бағытталған басым бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысып келеді. Облыстың ОКЖ кітапханалары ұйымдастыратын байқаулар бәсекелестік рухын және кемелдікке ұмтылуды оятатын қызықты жарыстар. Бұл іс-шаралар қатысушыларға өздерінің таланттарын көрсетуге, білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді және әдеби және шығармашылық дағдыларды одан әрі дамытуға шабыттандыратын еңбектері үшін құрметке лайық деуге болады”, – деді Ринат Мұхаметқали құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Қазақстандағы бірегей жоба, кітап оқуды насихаттауға бағытталған «#ОқыЖәнеЖең» облыстық онлайн байқауы жөнінде тоқталып өтті. Оның басты мақсаты – Қостанай облысы тұрғындарының назарын кітап оқу мәдениетін дамытуға аудару.
Биыл бірінші байқау облыстың барлық аудандарын және халықтың әртүрлі топтарын қамтыды. Кітапханашылар осындай ауқымды және маңызды іс-шараны ұйымдастыруда және өткізуде белсенді рөл атқарды. Қыркүйек айында жоба екінші мәрте бастау алды.
“Сіздердің ынта-жігерлеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңізге сүйене отырып, біз кітапхана ісінде жаңа биіктерге жете аламыз деп сеніммен айтуға болады. Сіздердің жұмыстарыңыздың маңыздылығын бағалау өте қиын: кітапханалар білім мен ақпаратқа қол жеткізуде, оқырмандардың талғамы мен қалауын қалыптастыруда, азаматтардың білімі мен өзін-өзі жетілдіруіне ықпал етуде шешуші рөл атқарады”, – деді әкім орынбасары сахнада сөйлеген сөзінде.
Салтанатты кеш көрнекті мәдениет қызметкерлері мен түрлі байқаулардың жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. Кітапханашыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хаттары, Қостанай облысы әкімінің құрмет грамоталары, Мәдениет басқармасының марапаттары табыс етілді.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқыңыздар.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ.