Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанайдың 147 жылдығымен құттықтады

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанайдың 147 жылдығымен құттықтады

Қостанай қаласының 147 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Мереке үстінде өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, қаланың толайым табыстары мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Облыс әкімдігі алдындағы бас сахнада мерекелік бағдарламалар түстен кейін жергілікті өнерпаздардың түрі бағдарламасымен басталған-ды. «Карнавал» би ансамблінің концерті, «Алтын дән» балалар шығармашылығы фестивалі өтіп, оның «Алтын микрофон» халықаралық байқауының марапаттау рәсімі мен гала-концерт сабақтады. «Қостанай, еркін елім-ай» салтанатты концерттік бағдарламасы кезінде орталық алаң адамға лық толды. Мыңнан астам тұрғын жиналды. blankblankblankblankblankКөрікті де көңілді кеште облыс әкімі Құмар Ақсақалов халық алдына шығып, жерлестерін Қостанайдың 147 жылдығымен құттықтады. blank

«Осы жылдар ішінде қаламыз зор жетістіктерге жетті. Бүгінде Қостанай Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Қазіргі жетістікке жетуімізге үлесін қосқан аға буынға шынайы алғысымды білдіремін. Ал қаламыздың болашағы жастардың қолында. Кейінгі жылдары Қостанайда жаңа өндіріс орындары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Мектептер мен балабақшалар, медициналық және әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Қаланың спорттық және мәдени инфрақұрылымы да жаңарып келеді. Мұның барлығының түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, Қостанайды өмір сүруге, бала тәрбиелеуге және болашақты осы қаламен байланыстыруға қолайлы мекен ету. Қостанайдың басты байлығы – оның еңбекқор, бірлігі бекем, туған жеріне жанашыр тұрғындары. Жастардың жігері мен аға буынның өмірлік тәжірибесі тоғысқанда, қаламыздың келешегі бұдан да жарқын болатынына сенімдімін. Қостанайымыз көркейіп, гүлдене берсін!» – деді өңір басшысы.

blankОдан әрі эстраданың жарық жұлдызы, «Әлем» лақап атымен танымал Батырхан Маликов жерлестерін хит әндерімен қуантты. Сондай-ақ алматылық «Ne prosto orchestra» симфониялық оркестрі әр дәуірдегі танымал әндер, саундтректер орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Сағат 23:00-ді соққанда Қостанай аспанын самаладай жап-жарық етіп, мерекелік отшашу атылды.blankblankblankblankblankblankblankblankblank

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев