Қостанайда 22-ші жыл қатарынан өтіп отырған халықаралық ән байқауында дарынды жерлесіміз Ясмин Аюпова Бас жүлде иегері атанды.
Байқаудың ақырғы кезеңіне өткен жас әншілер екі күнге созылатын өнер додасында сынға түсіп жатқанын осыған дейін де хабарлаған едік. Ортадан оза шауып, жүлдегерлер қатарынан көрінген дарындар қала күнінде марапатталып, қалың қауым алдында өнер көрсетті.

Кіші топта алматылық Омар Қанапия үздік атанып, 1-орын иеленді. Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әніне жаңаша леп берген балдырғанның зор дауысы шынымен де таңдай қақтырарлық. 2-орын Димаштың интерпретациясындағы «Самалтаумен» көптің қошеметіне бөленген қостанайлық Бақытжан Ерланға бұйырды. 3-орын елордадан келген балапан әнші Ариела Мощинскаяға берілді.
Орта топта арқалықтық жас дарын Нұржайна Таубалды топ жарды. Алматыдан келген Алсу Улуханова екінші және Сүлеймен Мұратов үшінші орыннан көрінді.
Ересек топта Астана қаласының дарыны Жасмина Тілеумбетова жеңімпаз атанды. Қостанайдың намысын қорғаған Наргиз Төкеш екінші, Қостанай ауданы Тобыл қаласының үкілі үміті Әбілмансұр Едрес үшінші орынға лайық деп танылды.
Ал «Профи» тобының да 1-орыны Қостанай еншісінде – жерлесіміз Мәди Мырзабекұлының жұлдызы жанды. Жетісу облысының өкілі Ақжол Серікханов екінші орын алды. Болгариялық Алекса Карабоев пен Өзбекстан астанасынан келген Аманжол Ескермесов үшінші орынды бөлісті.
Айта кетейік, финалдық кезеңде Қазақстанның әр түкпірінен және Болгария, Украина, Армения, Қызғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 59 жас әнші сынға түскен еді. Халықаралық байқаудың Бас жүлдесі араға жеті жыл салып Қостанайға бұйырып отыр. Ясмина Аюповаға байқау мүсіншесін және 1 млн теңге ақшалай жүлдені облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табыс етті. Ясмина өзіне жеңіс сыйлаған «Домбыра» әнін нақышына келтіре шырқады.
