Арқалықта Республика күні қарсаңында кезекті спорт алаңы халық игілігіне пайдалануға берілді.
Футбол алаңы Шақшақ Жәнібек көшесі, №52 үй ауласынан орын тепкен. Нысанның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, қалалық ардагерлер кеңесі алқасының мүшесі Балтабек Құрманбайұлы мен қаланың үздік жас спортшыларының бірі, футболдан республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері Сәкен Айсұлтан алаңның керме жібін қиды.
Сондай-ақ, жаңа футбол алаңымен қоса, көп қабатты үйлердің ауласына он түрлі элементі бар көше жаттығу қондырғылары орнатылған.
Қалалық Дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков салауатты өмір салтын ұстану, жастарды спортқа тарту бағытындағы игі бастамалар жақсы жүзеге асып жатқанын алға тартады. Биыл жоспар бойынша осымен қоса 4 мекенжайда балалардың шағын спорт алаңы іске қосылып отыр. Таяу уақытта тағы 3 мекенжайда қала тұрғындарының қуанышы еселенбек.
Қазіргі таңда қала және іргелес кенттерде отызға жуық спорт алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл 9 көше тренажерларының халық игілігіне берілгенін де айта кетейік. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, келешекте мұндай мүмкіндіктерді әр тұрғын үйдің ауласына қолжетімді етіп қою көзделген.
“Бұл бір керемет дүние болды. Жас-кәрінің қуанышында шек жоқ. Таңғы сағат алтылар шамасында тұрып, түрлі жаттығулар жасаймыз. Балаларға да бос уақытында өздерінің жеке ойын алаңдарында спортпен шұғылданатын болды. Тұрғындарымыз күтіп ұстап, игіліктеріне пайдаланса дейміз. Елдің қамын ойлап жатқан үкіметімізге зор алғысымызды білдіреміз”, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Балтабай Құрманбайұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор