Арқалық қаласына қарасты Родина ауылының мәдени ұйымдастырушысы, жас талантты әнші Мұратбек Әбдісалықовтың есімі ел төңірегіне кеңінен танымал. Өнерге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан азамат Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесіне орай Арқалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларына «Мейірімділік шуағы» атты қайырымдылық концертін ұсынды.
Әсем ән кешінде көңілдері баладай, рухы биік жандардың жанында шынайы қуаныштың лебі есті. Жүздеріне қуаныш ұялаған орталықтың қызметалушыларымен бірге ән шырқап, би билетіп, рухани демалыс сыйлады. Мейірім шуағы, рухани қолдау әрқашанда маңызды. Тағдыр теперішін тартқан жандардың көңілін көтерген кешке 50 – ден аса адам қатысты.
«Біздің қызмет алушыларымыз әркез өздерін қоғамның толыққанды мүшесі санайды. Оларға үкімет тарапынан тиісті қамқорлықтар жасалған. Ел өміріндегі маңызды іс-шараларға белсенді қатысады. Қиындықты қайсарлықпен еңсеріп жүрген жандарға арнайы келіп, өзінің шығармашылық өнер кешін сыйлаған дарынды өнер иесі Мұратбек Талғатұлыназор ризашылығымызды білдіреміз»,- дейді «Арқалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығының мәдени ұйымдастырушысы Дариға Сақұлова.
Кеш соңында ұжым басшысы атынан кең жүректі әншіге«Алғыс хат» тапсырылды.
Айта кетейік, әнші Мұратбек Әбдісалықов Жанкелдин ауданы Шеген ауылының тумасы. Облыстық, республикалық фестивалдердің бірнеше дүркін лауреаты. Бала жасынан киелі сахнада ән шырқап келеді. Отбасылы, екі баланың әкесі.Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының түлегі. Мектепте, институтта музыка маманы болып жұмыс істеген. Мәдени ұйымдастырушылық қызметте деүнемі жақсы қырынан көрініп жүр. Ауыл тұрғындары, өнерлі азаматтардың басын қосып «Жігіттер» триосын құрды. Родина ауылы қала мерейін өсірген домбырашылар шеруіне ең көп атсалысқандардың бірі.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ