Жаппай қашықтықтарға жүгірді

Жаппай қашықтықтарға жүгірді

Арқалықта Республика күніне арналып жеңіл атлетикалық кросс жалауын көтерді. Демушілердің көмегімен ұйымдастырылған спорттық іс – шараға ұзын саны 200-ден астам адам қатысты.

Ең алдымен қала және қалаға қарасты ауылдардан келген спортшылар «Жасұлан» жасөспірімдер орталығының алаңқайында сап түзеп, қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков құттықтау сөз сөйлеп, төрешілер жарыс ережелерімен таныстырды.

2,4,6 шақырым қашықтықтарға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүгіру жолдары бекітілді. Спортшылар жаппай жүгіруді бастап, кеуделеріне таққан нөмірлерінің түстеріне сай белгіленген қашықтықты еңсеруге күш салды.

Көп уақыт өтпей қала сыртын бетке алған желаяқтардың төбесі де көріне бастады. Қатысушылардың ең жасы 6 жасар болса, үлкені 77 жаста. Ұтымды ұйымдастырылған жүгірістің нәтижесінде жарысқа бел буғандардың барлығы да сөреден қалай шықса, мәреге де солай жарыс жолынан шықпай, ақырына дейін жүгіріп өтіп, тыңғылықтылық танытты.

Марапаттау рәсімінде жүлде үш қашықтыққа бес орынға дейін тағайындалып, жеңімпаздар грамотпен, медалмен және ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Бұқаралық спортты насихаттап, достық қарым – қатынасты нығайтып, «спорт ханшайымы» атанған жеңіл атлетиканың жүгірістері арқылы жарысқа қатысушының денсаулығын нығайтуды мақсат тұтқан жарыстың өтуіне себепші болған өңірдің жеңіл атлетикамен айналысып жүрген жаттықтырушылар құрамы.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу