Кестелі жырмен өрнектеді

Кестелі жырмен өрнектеді

Арқалықта ақындар мүшайрасы өтті. Республика күні аясында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, тарихшы-этнограф Қойшығара Салғариннің мерейлі 85 жасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист Нағашыбай Мұқатовтың 75 жылдығына арналған «Ақын – елдің ардағы» атты жазба ақындар мүшәйрасында жас ақындар көтерілген тақырыптарды кестелі жырмен өрнектеді.

Еркін елдің бүгінгі ажары мен ертеңгі жарқын келешегін жырға қосып, қазақ жырының қоржынына қомақты олжа салуды көздеген, аталы сөздің қасиетіне бас иіп, бабалар мұрасын жалғыстырған жас буынның жыр сайысын ақындық өнерде елге танылып үлгерген жас берен ақындар әділқазылық жасады.

Үш кезеңді қамтыған жыр бәйгесінің нәтижесінде бас жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті Думан Елубай, бірінші орынды Б.Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Нұрислам Рағат, екінші орынды Арқалық медициналық колледжінің студенті Аян Төлеміс иеленіп, екі үшінші орынды Ш.Уалиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Қаракөзайым Батталғазы мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның оқушысы Ерсұлтан Аманжол өзара бөлісті.

«Жыл сайын қаламызда өтіп тұратын дәстүрлі ақындар мүшәйрасында кейінгі шыққан жастарды, оқушыларды, студенттерді көріп қуанып жатырмыз. Бәрі бірдей төрт аяғын тең басқан тайпалған жорға болмаса да өнерге деген, өлеңге деген құмарлығы алдыңғы аға буын өкілдерін ерекше тәнті етеді. Жарысқа қатысқан он ақын «Алуан – алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей ішінде барлық өлең шумағы бірдей болмағанымен ақындықтың ұшқынын білдіретіндей қасиеттер анық байқалады», – дейді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, ғалым Батырлан Сағынтаев.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған жыр додасында барлық қатысушылар салтанатты түрде марапатталып, дипломдармен қоса ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу