Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге барып, сол жерде журналистер сұрағына да жауап берді.
Сонда жиі қойылатын екі сұраққа нақты жауап бергенін естідік.
“Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?” деген сауал болды.
“Меніңше, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Жұмыс қауырт, ол БАҚ-қа көріне бермеуі мүмкін. Жалпы, мен көп оқимын, елдегі барлық оқиғадан хабардармын. Министрлер мен Үкіметтің жұмысында кемшін тұстар болса, әлбетте ескертемін. 7 ай деген көп уақыт емес, Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек”, – деді Президент.
Біз де бақылап, көріп отырмыз. Бәрі оңалып кетпесе де тырысып жұмыс істеп жатқанын біз секілді мемлекеттік қызмет ардагерлері білеміз.
Екінші сұрақта АЭС-ті кім салатыны айтылды.
“Бұл мәселеге менің жеке пікірім – Қазақстанда халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек, ол консорциум ең озық технологияларды игерген әлемдік компаниялардан тұруға тиіс”, – деді Қ.Тоқаев.
Бәрімізге аян, АЭС салуды талқыға салу демократияның бастамасындағы шешім. Сондықтан, оның шешімі қандай болса да, ол халықтікі.
Серік Айтмағамбетов,
Мемлекеттік қызмет ардагері