ҚР ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты, белгілі диқан – кәсіпкер Ибраш Естаевтың есімі ел ішіне етене таныс. Ол үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Қай мәселе болсын, өзіндік айтар ой-пікірі бар азамат. Бүгінгі «Ашық әңгіменің» қонағы Ибраш Естайұлы газет тілшісінің қойған сұрақтарына бүкпесіз жауап берді.
– Ибраш Естайұлы, Сіз біраз жыл шаруашылық басқардыңыз. Шалғайдағы «Бестау» кеңшарын қалай көтергеніңізді жақсы білеміз. Бірақ, қазір сондай ауылдардан береке кетіп барады. Жұрт үдере көшіп кетті. Ішіңіз ауырмай ма?
– Ішің ауырғаны былай тұрсын, кейде ауылға барғанымда көзімнен жас та шығып кетеді. Мен саған айтайын, мына Қостанайдың түбінде отырған кеңшарлар да біздің Бестаудың көрсеткішіне жеткен жоқ. Ол кезде бүкіл халық жұмыс істеді. Бірлік болды. Ал өзім сол жерде туып-өскендіктен, жаным ашығандықтан қарап отыра алмадым. Ол кезде «коррупция» дегенді естіген жоқпыз. Естімек түгілі, ондай сөздің барын білмейтін едік. Кеңшарда үш мың жылқы болды, содан соғым да ала алмайтынбыз. Білдей директормын. Бірақ, қоғам мүлкіне қол салу ұят! Содан біреулерге ақша беріп, Шилі, Юбилейный, ары кетсе Торғай жағынан алдыртамын. Шынымды айтайын, қазір ауылға барсам, бір жетідей өз-өзіме келе алмай жүремін. Ойымнан кетпейді. Мен екі нәрсені – кеңес үкімет құламайды, сосын «Бестау» кеңшары ешқашан тарамайды деп ойлайтынмын. Неге десеңіз, сол кездің өзінде біздің ауылда 470 үй түтін түтетті. Әр отбасында кемі жеті-сегіз баладан бар. 1957 жылы кеңшар құрылғалы біздің ауылдан отыз сегіз көп балалы отбасы, он алты «Батыр-Ана» шығыпты. Соның үш-төртеуі әлі бар. Қысқасы, Бестауда 3500-дей адам тұрды. 3 мың жылқы, 400 түйе, 26 мың қой, 8 мың қара мал болды. Мұның сыртында 10 мың қаз-үйрек, инкубатор бар-тын. Кеңшар 90 мың гектарға дейін егін септі. Біздің шаруашылықпен іргелес «Буревестник» кеңшары 125 мың гектарға дән сіңіретін. Солардан қалғымыз келмеді. Бестауда жер көп еді. Басым бөлігі жыртылмаған жер. Шаруашылықтың еншісіне 3 млн 600 мың гектар алқап болса, соның 100 мың гектарын ғана жырттық. Әрине, бізден де мықты, экономикасы дамыған, халқының тұрмысы ілгері шаруашылықтар болды. Бүгінде соның бірі де жоқ. Әрі кетсе үш-төрт үй қалған. Мәселен, іргеміздегі «Орқаш» қой кеңшары қандай еді! Сағынай Омаров деген азамат басқарып тұрған тұста 35-40 мың қой болды. Қазір онда небары сегіз-ақ үй қалды. Құдды бір көрген түстей…
– Сол шалқыған шаруашылықтарды біртіндеп қалпына келтіруге бола ма? Ауыл шаруашылығының білгір маманы ретінде Сіз қалай ойлайсыз?
– Менің жасым қазір сексенге кеп қалды. Егер жасырақ кезім болса, Қостанайдың маңайынан сондай бір «кеңшар» немесе ауыл салшы десе, бұрынғыдай болмағанмен, он-он бес үйден әдемі, екі көшелік үй салып берер едім. Оған мемлекет те жәрдемдеседі. Қаражатын салады. Қара жерден қазық қағып жіберіп, қаз-қатар үй салса, қандай жарасып кетер еді. Бастапқыда отыз үй салып берсең, кейін ол алпыс-жетпіс үй болып, одан әріге ұласып кетер ме еді. Кейде соны ойлаймын. Рас, мұндай қадамға белді буып, кірісетін азаматтар қажет. Мүмкін, Үкіметке осы тақылеттес бағдарлама жасау керек шығар… Мәселен, бұрын кеңшар директоры болған жігіттер әлі де арамызда жүр. Солардың тәжірибесіне сүйенсе, несі айып? Тіпті, солардың өзі болмағанмен, ізін басқан мықты мамандар көп қазір. Олардың қолынан да көп нәрсе келеді. Атақты олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің айтатыны бар ғой: «Егер қазақтан мен-мен деген бес мың жігіт шықса, еліміздегі бес мың ауылды көтеруге болады»,– дейтін. Мұндай қолынан іс келетін епсекті жігіттер бар. Үкімет осыны қолға алып, тиісті бір бағдарлама түзсе, соған байланысты шаруашылық тізгінін ұстап отырған кәсіпкерлерді бір столдың басына жинаса, ешкім бас тартпас еді. Жеке өз басым мұндайды қолдаймын! Мүмкін, бір екі-үш жылда бола қоймас, бірақ, тақыр жерден жеті-сегіз жылдың ішінде мына деген ауыл тұрғызуға болады. Кеңес уақытында салдық қой. Сонда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы П.Демиденко қолымды қысып тұрып, «Бестау-форпост нашей области» дегені бар. Олай дейтіні, мына жағы Торғай облысы, мына жағы Ақтөбе облысымен шектеседі. Соны меңзеп тұр. Расында, сол жылдары Бестау үлкен бір қалашыққа айналған-тұғын. Қазір онда небары он бір ғана үй қалды.
– Сіз кезінде Қостанай аудандық мәслихатының депутаты болдыңыз. Бірталай қоғамдық жұмыспен айналыстыңыз. Сонда ең бірінші Сіздерді не алаңдататын еді?
– Билік әрқашан халыққа тәуелді. Қалай десек те, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру жоғарыды отырған азаматтардың тікелей міндеті. Сондықтан, ең әуелі елдің мұң-мұқтажына құлақ асу ләзім. Біз енді сол билік пен халықтың арасындағы дәнекер болғандықтан, қандайда бір шешімін күткен мәселенің жедел орындалуын талап еттік. Үнемі елдің ортасында жүрдік. Олардың ұсыныс-тілектеріне ден қойдық. Қазір құдайға шүкір, ауылдарға жол да салынып жатыр, су құбыры да тартылып жатыр. Елді мекендер ептеп көркейіп келеді. Дегенмен, бұған әлі тоқмейілсуге болмайды. Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің қолға алатын шаруасы әлі шаш-етектен келеді. Ең бастысы, халықтың айтқанына құлақ асу керек. Одан ешқайсысы ұтылмайды.
– Қоғамда қандай істерге көңіліңіз толмайды. Жаңа өзіңіз айтқандай қазір жол да, су құбыры да, тұрғын үй де салынып жатыр. Дегенмен…
– Ойласатын мәселе көп. Мемлекет ауылға көңілді бөліп-ақ жатыр. Мәселен, кей ауылда жол да, су да, газ да бар. Бірақ, көші-қон әлі тоқтамай тұр. Жақында Қамыстыға барып келдім. Ел көшіп жатыр. Бәрі қалаға жақындағысы келеді. Ойлары: ауылдағыдай емес, каланың қызығы көп. Басқасына бас қатырғысы жоқ. Ертең келіп алып, төрт қабырғаға телміріп жатуды ар көрмейді. Негізі өзі көшіп-қону деген біздің қанымызда бар қасиет қой. Әйтпесе, жұмыс істеймін деген адамға ауылда да табылады. Онда да жақсы тұрмыс кешуге болады. Өкініштісі сол, баяғы шалқып тұрған шаруашылықтардың орны бүгінде тып-типыл. Бүйтіп, ел үдере көшуін тоқтатпаса, қыруар жер иесіз қалуы әбден мүмкін. Жаңа айттым ғой, баяғы 470 үйлі Бестауда қазір бар болғаны 11-ақ үй қалды. Бұл үлкен трагедия!
– Сіз кәнігі диқан ретінде елу жылдан артық егін егумен айналыстыңыз. Қазір жұрт бидайдан бәлендей пайда жоқ, оның орнына майлы дақылдар еккен дұрыс дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Сұрағың орынды. Егін алқаптарын әртараптандыру деген керек шығар, бәлкім. Оны жоққа шығарайын деп отырғаным жоқ. Дегенмен, егін шаруашылығында қалай болғанда да, қара жолға түсіп алып, тарта беруге болмайды. Иә, бүгінде нанның қадыры кетіп барады. Бидайға беретін ақшаның құны өте аз. Мәселен, 4-5 кластық бидайдың құны 37-ақ мың теңге, биыл 3- класс биыл жоққа тән. Егінжайдағы бидай белуардан келеді. Қарасаң көзің сүйсінеді. Сабағы ұзын. Бірақ, апталап жауған жаңбырдан басында дән «қалған жоқ». Құнарлылық төмендеп кетті. Былайша қарасаң, гектарына 30-40 центнерден келетін сияқты. Шаба келгенде 10-12 центнерден аспайды. Көбісі пісіп, жетіле алмады. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, енді субсидияны алып тастады. Үкіметтің шаруаларға деген көзқарасы өзгерді. Ол дұрыс емес. Ең болмаса, «нанға жұқалап жағатын майдай етіп» берсе де, шаруаларды шөміштен қыспағаны абзал еді. Мүмкін біз сияқты үлкен шаруашылықтарға ол «теңізге тамған тамшыдай шығар, бар болғаны бір тракторы, 200 гектар жері бар шағын шаруа қожалықтарына ол үлкен көмек емес пе! Ал енді сенің әлгі сұрағыңа былай деп жауап берер едім: кезінде мен майлы дақылдардың алқабын 60 процентке дейін ұлғайтқанмын. Жүгеріні де, күнбағысты да, қарақұмықты да ектік. Бірақ, майлы дақылдардың көлемі ұлғайғанмен, оның бағасы түсіп кетті. Яғни, бәсекелестікке төтеп бере алмады. Міне, жұрттың дені одан бас тартатыны сол. Бағасы екі есе жоғары дегенмен, жеме-жемге келгенде пайдасы шамалы. Кейде көп ұтыласың.
– Сонда өзін-өзі ақтау үшін бидайдың бағасы қанша болу керек?
– Қазір оның өзіндік құны 110 доллар. Есептей бер. Біз қолымыздағы соған байланысты жұмсаймыз. Жыл бойы жаңа техника, жанар-жағар май, қосалқы ьөлшек, түрлі минералды тыңайтқыштар сатып аламыз. Күздің күні егін шыға қойса жақсы. Шықпаса, нағыз банкроттың көкесі сонда болады. Сондықтан, тағы қайталап айтамын, мемлекеттің көмегінсіз ешнәрсе өнбейді. Қазақ өзінде бола тұрды бидайды Ресейден арзан бағаға қашанғы сатып ала береді? Парадокс!
– Кейінгі кезде шаруашылығыңызды баларыңызға тапсырдыңыз. Олардың бет алысын қалай бағалайсыз?
– Мен өз балаларымды мақтаудан аулақпын. Жұрт айтсын. Қазақ: «Тәрбие – тал бесіктен» демей ме. Бәрі тәр\биеге байланысты. Мен екі ұлымды да кішкентайларынан жаныма ертіп жүріп, үйреттім, шаруашылық ісіне баулыдым. Егер тиіп-қашып, істегісі келмесе, одан дәнеңе де шықпас еді. Көріп жүрмін, қазіргі жастар шаруаның ыңғайын білмейді. Әр істің басын бір шалады. Бастаған ісін аяғына дейін тындыра алмағасын, қолын бір сілтейді де, орта жолдан тастай салады. «Бір бала әкеден өте туады, біреуі жете туады, бірі кете туады» демей ме, халқымыз. Құдайға шүкір, екі ұлым да қамытты мойнына іліп, қанша тиесеңде тарта беретін қара нар» секілді. Мен өзі әкеден жалқы туған соң, екі баламды да ешқайда жібермей, бірін агрономдыққа, екіншісін инженерлікке оқыттым. Үнемі қасымнан қалдырмай, ақылымды айттым. Қазір өкінбеймін. Бет алыстары жаман емес.
– Сіздің ойыңызша, жастар ауылдарға неге тұрақтамайды? Әлде қазір ауылда тұруға жағдай жоқ па?
– Енді оның себебін түрліше қарастыруға болады. Қазір көптеген жас қалаға әуес. Таксиші болса да, қалаға бару арманы немесе кейбірі бірден порфель ұстағысы келеді. Әке жолын қумайды ол бала. Бәрі оңай жолмен келеді деген түсінік басым қазіргілерде. Бірақ, өмірде бәәрі керісінше. Жоғарыдай айтқанымдай, ауылда да жағдай оңалып келеді. Жұмыс та бар. Тұрмыс та жақсы. Бірақ, маман жағы тапшы. Бірең-сараң оқу бітірген жас маман барған болады. Үкіметтің көмегін алған соң, кейін тайып тұрады. Осыған көңіл бөлген дұрыс шығар. Ауылды тусыратуға болмайды. Ол қазақтың жаны!
– Бүгінде біздің ел көп өнімді сырттан тасиды. Осыларды (азық-түлік) өз ішімізде өндіруге не кедергі?
– О баста бізді жаман үйретті. Бейнелеп айтсақ, қолымызға қармақ бермей, бірден балық ұстатты. Қармақ беріп, балықты өзің аулап же десе, әңгіме басқа. Біз қазір сол еңбегіміздің жемісін жеп отырған болар едік. Қазір көбісі өзі өндіргеннен гөрі, сырттан тасығанда жақсы көреді. Оның сапасына, басқасына қарап жатқан жоқ. Тың игеру жылдарынан бастап тасыдық, кәмпитке дейін әлі тасып жатырмыз. Халықтың өзі отандық тауарларға мұрын шүйіре қарайды,кейде. Қит етсе, ресейлік тауарды іздейді. Бұл барып тұрған нонсенс! Орысша айтқанда «Мы еще потребители, но не производители!» Әитсе де ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ептеп жағдайымыз түзеліп келеді. Өндіріс орындары ашылып жатыр. Біздің елдің жиырма млн халықты азық-түлікпен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Тіпті, 60 млн болса да асырауға болады.
ҚЫСҚА-НҰСҚА
– Сіз қуана аласыз ба? Қандай жағдайда?
– Мен төрт құбыламның түгел болғанына қуанамын. Зайыбым екеуміз екі ұл, екі қызды өмірге әкелдік. Оларға келісті тәрбие беріп, өмірге қанат қақтырдық. Қазір немере-жиендеріміз де өсіп қалды. Солардың ортасында дін-аман жүргеніме өуанамын. Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан жайымыз бар.
– Хоббиіңіз не?
-Менің ермегім-аңшылық. Кейде достарыммен бірге қаз-үйрек атуға шығып тұрамын. Бұл мені үлкен әсерге бөлейді
– Демалысты тиімді пайдалану деген бар ғой, сіз қалай өткересіз?
– Менде негізі нақты демалыс жоқ. Демалысымды отбасыма, достарыма бөлемін. Жылына бір мәрте шетелге барып, қыдырып келемін. Осы жасыма дейін он бес шақты мемлекетте болыппын. Қазір онша бара қоймаймын. Ауылдан артық жұмақ жоқ. Шақырған жерден қалып көрген жоқпын, ұялы телефонымда бәрі жазулы. Кейде комбаин штурваліне отырамын. Қайткенмен өткен өміріңді аңсайсың.
– Кітап оқисыз ба?
– Кітапты кезінде оқыдық қой. Қазір оқымаймын. Қолымда достарым Аманжол Күзембайұлы, Серікбай Оспанұлының кітаптары бар. Кейде бос уақытымда соларды қарап шығамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Әлібек ЫБЫРАЙ