Өңір басшысы Қ.Ақсақалов жұмыс барысымен Қарабалық кентіне келді. Ол аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткен “Орталық” стадионында және жаңадан пайдалануға берілген “Тоғызақ-Арена” спорт кешеніне барды.
Ине-жіптен жаңа шыққан заманауи спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына 1369,4 мың теңге жұмсалған.
Мұнда екі үлкен зал орналасқан. Спортшылар үшін баскетбол, волейбол, шағын футбол, қол добы, грек-рим күресі, дзюдо, қазақ күресі тоғызқұмалақ тәрізді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік мол.
Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында бүгінде Қарабалық ауданында бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың қарасы көбейген. Жаңа спорт кешенінің ашылуына қатысқан өңір басшысы, спортшылармен, жаттықтырушылармен кездесті.
– Облыста 12 денешынықтыру-спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Биыл соның бесеуі пайдалануға берілді. Бұл облыс тұрғындарының, әсіресе, жастардың спорт түлерімен шұғылдануына үлкен сеп. Болашақта Қостанай өңірінен де халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы Қ.Ақсақалов жолай “Орталық” стадионына соғып, жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты. Стадион бір мезгілде бірқатар спорт түрлерінен жарыс өткізуге қауқарлы.
Қ. Ақсақалов осы жерде қарабалықтық жас футболшыларға “Тобыл” футбол командасының Түркияның Анталия қаласында өткен Суперкубок матчында Шымкенттің “Ордабасы” командасымен ойнаған ала допты тарту етті.
Ол балғын футболшыларға сәттілік тілеп, болашақта үлкен кәсіби командалардың сапында өнер көрсетіндіктеріне сенім білдірді.
Бұдан соң Қ.Ақсақалов аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Онда Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінде есеп берді.
Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ауыл әкімдері сөз алып, өңірдегі халықтың әл-ауқатын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді.
Жиынды облыс әкімі қорытындылап, мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы өңірлерде мейлінше орындалып жатқанын тоқталды.
– Былтырдан бері облыс аумағында ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Соның арқасында жүздеген жұмыс орындары ашылды. Алдағы уақытта да мұндай ауқымды жұмыстар жалғасын табады. Соның арқасында экономика дамиды, әлеуметтік салаға өң кіреді. Бұл астықты өңір тұрғындарының лайықты өмір сүруіне жасалған қамқорлық екендігі даусыз , – деді Қ.Ақсақалов.
Алқалы жиын үстінде облыс әкімі аудан тұрғындарын толғантқан сұрақтарға жауап берді.
Кешкісін облыс әкімі XXXVll-ші облыстық жазғы спартакиаданың ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлемек. Айта кетейік, жазғы халық ойындарына облыстың барлық аудан, қаласынан 2000-нан астам спортшы қатысып жатыр. Үш күн бойы атлеттер спорттың он тоғыз түрі бойынша сынға түспек. Оның ішінде биылғы спартакиада алғаш рет көкпар, асық ату, велоспорт жарыстарын қамтып отыр.
Бұдан бөлек, облыстық спартакиада аясында облыс көркемөнерпаздарының, ҚР халық әртісі Роза Рымбаева бастаған белгілі өнер жұлдыздарының концертіне ұласпақ. Толығырақ газеті міздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев