Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының қабырғасынан азаматтарға алған жоғары білімдерін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретін магистратура ашылды.
Институт енді жаңа жүйемен екі бағыт бойынша мамандарды даярлап шығаруға қамданып жатыр.
Олар: магистратура бағытындағы педагогика психология және бастауыш мектептің оқыту практикасының әдістемесі.
Бұл туралы институттың басқарма төрағасы, ректор Ержан Әмірбекұлы бөлісті.
«Біз институтты дамыту стратегиясын қабылдадық. Мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен мақұлданды. Торғай өңірі бұған дейін тек бакалаврият мамандарын дайындап келген болатын. Қазақстанда таза педагогтарды даярлайтын бес жоғарғы оқу орны бар. Соның бірі – Арқалық қаласында. Жақында ғана біз осы екінші деңгейдегі мамандарды даярлауға қажетті лицензия алдық. Яғни, біз жоғарғы оқу орнынан кейінгі магистуратура мамандарын даярлаудың мүмкіндігін алып отырмыз”, – дейді Ержан Әмірбекұлы.
Бұл – Торғай өңіріне осы жердегі мектептерге, білім беру ұйымдарына үлкен жаңа серпін береді. Біріншіден – мамандар келеді, екіншіден – магистуратураны бітіргеннен кейін оларды жұмысқа алып қалуға болады, үшіншіден – ол өңірдегі ғылыми әлеуетті көтеруге зор серпін береді.
Биылдың өзінде магистуратурада оқуға жүзге жуық азамат өтініш білдіріп отыр. Бұдан былай осы өңірдің азаматтарының алысқа бармай – ақ, жергілікті жерде қажетті дағдыларын алып, білімдерін жетілдіруге толық мүмкіндігі бар.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суретті түсірген автор
Арқалық қаласы