Рудныйдағы осы бір қос қабатты ғимарат кезінде қараусыз ұзақ тұрды. Ол жердің орнында балабақша болған деседі білетіндер. Осыдан екі жыл бұрын “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығы болып қайта жаңартылды. Бұл оқиға облыстың қалған аудан-қалаларына тамаша үлгі болған еді.
Қостанай аумағында тұңғыш пайда болған орталыққа қалалық ардагерлер кеңесесі орын тепті. Зейнеткерлердің зейінімен санасып, жастарға патриоттық үлгі беретін мерекелер өткізу дәстүрге айналды.
Аталған ғимаратта ұйымдастырылған облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинарын Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко мен ҚР Мәдениет вице-министрі Евгений Кочетов келіп, ашып берді.
Қала әкімі шаһардың жай-күйін таныстырып, көшпелі семинардың қатысушыларына сәттілік тіледі. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов жиналғандарды көшпелі семинардың ашылуымен құттықтады. Ұйымның істеп жатқан жұмыстарын баяндады.
“”Қайран өмір”, “Жақсы адам” сияқты жобалар жүзеге асырылып келе жатыр. Ол үшін жақсылап өткізуге білек сыбанып он-он бес күн дайындаламыз”, – дейді Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.
Жуырда “Достық алаңы” ашылып, жанынан стелла бой көтергеніне куә болдық. Онда өмірде бар қала батырларының қабырғалары бой көрсеткен.
Оқу орындарында “Жауынгер мектебі” акциясы ұйымдастырылып жүр. “Халал” кафесінде тегін бильярд ойнап, ішінара сайыстар өткізеді.
“Осы залдың алты үстелі бізге тиесілі. Қалаған уақытта келіп, екі сағат өзара жарыс ұйымдастырамыз”, – дейді кеңес төрағасы.
“Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығы зейнеткерлерден үзілген емес. Келушілер өзара әңгіме-дүкен құрады, әртүрлі дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Орталыққа келетін қарияларға бұл қызметтер тегін көрсетіледі. Елдің өркендеуі үлес қосқан жастарға бата жаудырған “Ақбата” байқауына 10 ақсақал қатысса, ең жасы 67 жаста болған. “Екі ұрпақтың жұлдыздары” конкурсына қатысқан Иван Галушкин есімді қария жуырда 95 жасқа толады.
Рудныйлықтардың атқарған бұл жұмыстарын қонақтар өз көздерімен аралап көрді. Қала тынысымен танысып, өлкетану мұражайында болды. Соколов кенішінің ахуалын білді.
Кеншілер қаласынан үлгі алған Меңдіқара ауданында “Белсенді ұзақ өмір сүру” бағдарламасы былтыр көктемде қолға алынған. Ол туралы Аудандық филиал жетекшісі Ырысқаным Ізімова айтып берді.
“Аудандық бюджеттен алғашқы жылы 2,5 млн теңге бөлінді. Биыл 3,5 млн теңгеге ұлғайтылды. Конкурсты ғылыми танымдық орталығы жеңіп алды. Бүгінде бұл бағдарламаға Боровской селосы, Михайлов, Буденов ауылдары қосылды. Бәрінде бір-бір үйлестіруші жұмыс істейді. Сауықтыру, компьютерлік, құқықтық сауаттылық, шығармашылық, психологиялық даму бағыттары бойынша өз жұмыстарын бастап кетті”, – деді Ырысқаным Ізімова.
Екі аптада бір рет дайындық жұмыстары жүргізіледі. Би кештерімен қатар шахмат, дойбыдан сайыстар ұйымдастырып тұрады. Аптаның үш күнінде есептегі ардагерлер денсаулығын қадағалап, қан қысымын өлшетеді.
Дені сау ұлт жағдайына жітіқаралықтар да атсалысуда. Белсенді көнекөз жандар скандинавиялық жаттығулар жасайды.
“Тоқсан сайын “Денсаулық өз қолымызда” фестивалі өтіп тұрады. Аудандық аурухана дәрігерлері мен психологтарды шақырып дәстүрлі кездесу ұйымдастырамыз. Ауданның қарт тұрғындарын аква парк, бассейндерге апарамыз. Театрларға жиі барып тұрады”, – дейді Жітіқара ауданы филиалының жетекшісі Орынкүл Бұрышпаева.
Ал Қостанайлық зейнеткерлер саяхатқа шығуды күн тәртібіне енгізген. Көшеде би, спорттық жаттығулар жасайды. Мерекелерде скандинавиялық жүгіріске қатысушылар бағалы сыйлық алады. Музейлерге барады, компьтерлік орталықтарда цифрлық сауаттылығын дамытуда.
Бұл туралы Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Татьяна Искандирова баяндап берді.
Пленумды басқарып отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов аудан-қалалардағы бұл жұмысты одан әрі дамыта түсуді тапсырды.
“Облыстық семинарды өткізу жыл сайын дәстүрге айналды. Бұл жолғы жиналыс қарттардың белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасына арналып отыр. Зейнеткерлердің денсаулығына, жақсы өмір сүруіне Үкімет те жақсы назар салуда. Аудан-қалаларда бағдарлама жұмысын ілгерлетуді орталық аппарат үнемі тапсырып келеді. Жуырда республикалық көшпелі семинар Түркістан облысында ұйымдастырылады. Сол кездесуде сіздердің атқарған жыл бойғы жұмыстарыңызды қуана жеткізетін боламын”, – деді Батырбек Мықансалықұлы.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Марат Қалжанов
Рудный қаласы