Қостанайлық қаламгердің жаңа кітабы жарық көрді

Қостанайлық қаламгердің жаңа кітабы жарық көрді

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, экономист-маркетолог Әбутәліп Әмірдің «Көп көргеннен сұра» атты жаңа кітабы қалың оқырманға жол тартты. Бұл еңбектің Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада тұсауы кесілді.

Автордың кезекті кітабы басқа туындыларынан мүлдем ерекше. Мұнда ұзақ ғұмыр сүріп, өмір-керуенде бастарынан небір қызық пен қиындықты қатар кешкен ерекше жандардың, әр сала майталмандарының ой-толғамдары сұрақ-жауап түрінде берілген. Кейіпкерлерінің көбі – өңірге ғана емес, тұтас елге танымал тұлғалар, ісімен де, сөзімен де өскелең буынға өнеге болатын қариялар. Кітапқа ғасыр жасаған майдангер, жыршы-термеші, ардагер журналист Қасымхан Алдабергенұлы, ақын Серікбай Оспанұлы, тарихшы Аманжол Күзембайұлы, күйші, композитор Айтбай Мұздаханұлы бастаған ұзын саны тоғыз ақсақал енген. Олардың барлығы дерлік кітап тұсаукесерінде төбе көрсетті.

            «Өмірді, оның қыры мен сырын, алуан астары мен қалтарыстарын білуге келгенде біздің қарттарымызға теңдесер ешкім табылмас. Себебі олар небір қилы заманды: соғысты, оның кейінгі зардабын, жоқшылықты, елді елдігінен, ұлтты табиғи болмысынан, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-санасынан, тілінен айырып, мәңгүртке айналдыра жаздаған саясат заманды бастарынан кешті. Әйтсе де ата-бабамыз сеуіп кеткен дәннен нәр алып өскен олар ұлттық рухымызды, тарихи құндылықтарымызды сақтап қалды. Менің кейіпкерлерім солардың санатынан. Олардың бойында адами қасиет берік бекіген. Әрқайсысының пайымдауларында ұқсастық та бар», – дейді кітап авторы Әбутәліп Әмір.

Автор тоғыз кейіпкерге ортақ сұрақтар әзірлеп, әрқайсысының жауаптарын қаз-қалпында жеке-жеке жариялаған. Сауалнаманың өзі сегіз бөліктен, әр бөлік 3-5 сұрақтан тұрады. Сауалдармен кітаптың бастапқы беттерінен танысуға болады. Егер қариялардың жауаптарын оқып шықсаңыз, әрбірінің терең толғамына, пайым-парасатына қанығар едіңіз. Іс-шара барысында автор кейіпкерлерін таныстырудың ерекше әдісін қолданды. Көрермендерге әр тұлға жөнінде қысқа-нұсқа мәлімет берілгеннен кейін оқушылар ортаға шығып, әрқайсысының кітапқа енген ең сүбелі ой-пікірлерінен ықшам ғана үзінді оқып беріп отырды. Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбекұлы мен облыстың бас имамы Бектұрсын Уәлиев жүргізді.Бұдан соң кейіпкерлерге де сөз беріліп, көпшілік оларды жақынырақ танып-білуге мүмкіндік алды. Іс-шара меймандары да бұл еңбектің тұрпаты бөлек, мазмұны мен тағылымы ерек туынды екенін айтып, жылы лебіздерін арнады. Рухани жиынға қатысқан қауым автордың қолынан бір-бір кітап сыйға алып, олжалы тарқасты.

Айта кетейік, кітаптың тұсаукесер рәсімін облыстық кітапхананың Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі әдебиет онкүндігі аясында ұйымдастырды.

Суреттерді Л.Толстой атындағы ОӘҒК ұсынды

Жаңалықтармен бөлісу