Қостанайда Ахмет оқулары өтті

Қостанайда Ахмет оқулары өтті

“Мирас” мәдениет үйінде Қостанай қаласының 145 жылдық мерейтойына және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналып “Қазақ руханиятының көсемі” атты қалалық жыр мүшәйрасы өтті. Іс-шараны қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

 Жыр мүшәйрасына қаладағы колледж және жоғары оқу орнының студенттері, сондай-ақ жас мамандар қатысты.

Жыр мүшәйрасы екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар Қостанай қаласына және Ахмет Байтұрсынұлына арнаған өлеңдерін оқыды. Екінші кезеңде үміткерлердің білімін сынау мақсатында тақырыптық сұрақтар қойылды.

Мүшәйраға ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов, Мәдениет саласының үздігі, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Салтанат Өтелбаева қазылық жасады.

“Бүгінгі мүшәйраға сегіз бірдей жас ақын қатысып отыр. Қатысушылардың деңгейлері бірдей болғандықтан, жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Сөз зергері, сыншы Зейнолла Серікқалиевтің: “Поэзия дегеніміз – жас жанның ақылды, ойлы болуға талпынуы. Поэзия – ақылды жүректің мәңгі жас күйінде қалу құштарлығы, өмір рахатына табынып, тамашалай сезіне білуі” деген сөзі еріксіз ойға оралады. «…Жазу – ең алдымен кісіліктің жемісі. Тетігін білмеген адам трактордың өзін жүргізе алмайды», – дейді әдебиет білгірі, ғалым-жазушы Мұхтар Мағауин. Бүгінгі қатысушыларда, ең бастысы, адалдық бар, ынтызар жүрек бар. Өлеңдерінде көрсем, білсем екен, танысам екен деген ізгі ниет менмұндалайды. Жас ақындар бүгінде өсу, ізденіс үстінде келе жатқандықтан, әзірге поэзияға қояр қатаң талаптар тұрғысынан қарамадық”, – дейді қазылар алқасының төрағасы  Абылай Мауданов.

Қазылардың шешімі бойынша, 3-орынды ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2-курс студенті Досбол Смайлов, 2-орынды Назарбаев зияткерлік мектебінің кітапханашысы Айжан Рахымбекова иеленді. Ал Қостанай қаласын:

“Қалаң бар “Нью-Йорк сити, Бостондайын,

Несіне оларды ойлап жасқанайын?

Өзіңе ешбір қала  жетпейді ғой,

Көрікті, сұлу, әсем Қостанайым”, – деп жырға қосқан Алтынсарин ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы маманы Ерназар Есенгелдіге 1-орын бұйырды. Қатысушыларға диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

“Мүшәйра ұлт зиялысы Ахмет атамызға арналғандықтан, жауапкершілігі көп болды. Сол жауапкешілікті сезінгенім өзіме байқалды. Жалпы, мүшәйрадағы әр кезеңді де сәтті өттім деп ойлаймын. Сол себептен де қазылардың оң бағасын алып, 1-орын иелендім. Бұл мен үшін үлкен жетістіктіңтердің бірі. Мүшәйра шабытыма дем бергендей болды. Оның үстіне, қаламызда көптеген жас ақынның барына тағы бір көз жеткіздім, – дейді байқау жеңімазы Ерназар Есенгелді.

Ернұр ӘУЕЗХАН

Жаңалықтармен бөлісу