Тың туындының тұсауы кесілді

Тың туындының тұсауы кесілді

Арқалықта мемлекеттік қызмет ардагері, қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы Аманкелді Садырбековтің «Өмірімнің өрнектері» атты ғұмырнамалық кітабының тұсауы кесілді.

Салтанатты кешке автормен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов пен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жалғасбек Сүлейменов қатысып, құрметті қонақ болды.


Аманкелді Төлеубайұлы киелі Қима жерінде өмірге келген. Ата-анасы Төлеубай мен Мағрипа қарапайым, көпбалалы, елге қайырымы мол отбасы болған. Әкесі соғыстан аман келгеніне шүкіршілік етіп, тұңғыш перзенттерінің атын Аманкелді қояды.


Ол Ақмола, Торғай, Қостанай, Орал, Алматы өңірлерінде жарты ғасырға жуық мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, елінің өркендеуіне мол еңбек сіңірген жан.

Целиноград ауылшаруашылық институтын бітіргесін, алғашқы еңбек жолын Жақсы ауданындағы «Есіл» кеңшарынан бастады.

Әсіресе, оның басшылық қабілеті мен іскерлігі Торғай облысының Аманкелді ауданында ашылған «Қараторғай» кеңшарының директоры болғанда кеңінен танылады. Жаңадан құрылған шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, іргесін бекітуге көп күш жұмсайды.


Амантоғай, Арқалық аудандарында және Торғай облыстық ауыл шаруашылық басқармаларының басшысы болып, аталған өңірлерде ауыл шаруашылығының өркендеуіне ықпал етті.


Тағылымды іс-шарада айтулы тұлғаның қазақтың біртуар қайраткерлері Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сынды халықтық тұлғалардың тәрбиесін көріп, тәлімін бойына дарытқандығына баса назар аударылды.

Белгілі өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдәұлы және басқа да көптеген азаматтар жылы лебізін білдірді. Қала әкімі Әмірхан Асанов ұлттық салт-дәстүрімізге сай кеш қонақтарының иықтарына шапан жауып, естелік сыйлықтар табыстады.

Белгілі тұлғаның тәлімі мол тың туындысы мәдени ошақтарға, зиялы қауым өкілдеріне тегін таратылды.

Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу