Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы дирекциялары мен өкілді билік органдары арасында берік байланысты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты алғаш рет “Senat Open” ашық кубогының турнирін ұйымдастырған болатын.
Жартылай финалға қатысушыларды анықтау үшін іріктеу турлары жергілікті жерлерде өткізілгенін білеміз.
Іріктеу турының қорытындысы бойынша Павлодар қаласында өткен турнирдің жартылай финалына қатысқан үздік 25 қатысушы анықталды. Ақтық сынға жолдама алғандардың арасында Еңбек ері Сайран Бұқанов та бар.
“… Бұл интелектуалды ойын. Миды дамытады. Біздің облыстың құрамындағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Қостанай қалалық мәслихатының экс-депутаты Хамит Орынбаев және облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещановтар да шахматты өте шебер ойнайды. Олар да финалға жолдама алды. Тіпті, Хамит орынбаев жүз адамның ішінен төртінші орын иеленді. Бұл да әжептәуір жетістік. Қысқасы, қолдан келгенше Қостанайдың намысын таптатқызғанымыз жоқ”, – деген еді Сайран Балкенұлы осыған дейінгі берген сұхбатында.
Ертең Астана қаласында өтетін турнирдің финалында Қостанайдың намысын осы ел ағаларымен қатар Рудный қалалық мәслихатының депутаты Руслан Оразалин мен Қарасу ауданы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Д Қаленов те қорғайтын болады. Олай болса, жерлестерімізге сәттілік жолдас болғай!