АӘК алушылар санын қайтсе азайтуға болады?

АӘК алушылар санын қайтсе азайтуға болады?

Жамбыл облысының тәжірбиесін кеңінен таратуды іске асыру аясында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таяуда өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыз азаматтар және өнімсіз жұмыспен қамтылған халық арасында талдау жүргізіпті. Соның нәтижесінде қай өңірде АӘК алушылар саны артып отырғаны анықталған.

Басқармасы басшысының орынбасары Максим Устиновтың айтуынша, «Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын іске асыру біздің кейбір өңірлерде сылбыр іске асып жатыр. Бүгінгі таңда облыста кедейлік шегінен төмен 2,9 мыңнан астам отбасы АӘК алуда, оның жартысына жуығы ауылда тұрады.

«6 наурыздағы талдау  көрсеткендей, 16 аудан мен Арқалық қаласының ауылдық елді мекендерінде АӘК алушылар 1 355 отбасы, оның ішінде 6 539 адам бар. Несиелеуге 63 адамды тарту жоспарлануда, бұл бар болғаны 1% -ды құрайды. Бұдан басқа, осы өңірлерде 3,2 мың жұмыссыз азамат және 6,8 мыңнан астам өнімсіз жұмыспен қамтылғандар тұрады. АӘК алушылардың ең көбі Әулиекөл, Аманкелді және Меңдіқара аудандарында. Мәселен, Әулиекөл ауданында 213 отбасы АӘК алады, оның құрамында 985 адам бар, несиелеуге 7 адамды тарту жоспарлануда, бұл небәрі 0,7%-ды құрайды. Сондай-ақ, осы өңірде жобаға қатысуға және несие алуға ниет білдірген 250 жұмыссыз азамат тұрады», – деді М.Устинов.

Жалпы, жоғарыда аталған санаттардан азаматтарды несиелеуге тарту жоспарланбаған өңірлер де бар екен:  АӘК алушылар арасында Аманкелді ауданы, жұмыссыздар арасында Әулиекөл, Қарасу, Сарыкөл аудандары, өнімсіз жұмыспен қамтылған тұрғындар арасында Қарасу және Ұзынкөл аудандары.

«Мәселен, Жамбыл облысының көрсеткіштерін қарасақ, бұл жобаны іске асыру арқылы АӘК алушылар санын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік алған», – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол облыс басшылығынан жоғарыда айтылған деректер негізінде аудандар мен Арқалық қаласының әкімдеріне АӘК алушылар, жұмыссыздар және өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санаттарын 20%-ға азайтуды және ауыл азаматтарын кредиттеуге тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсыруын сұрады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу