Биыл Қамысты ауданында «Ауыл аманаты» жобасын аясында 44 млн теңге сомасына 7 өтінім ұсынылды, оның ішінде «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпоративінде 30,3 млн теңге сомасына бес жоба, ал ауыл шаруашылығы бөлімде мал шаруашылығы бойынша 13,7 млн теңге сомасына екі жоба әзірге жоба күйінде.
«Тұңғиық» ауылдық тұтыну кооперативі бойынша да 29,5 млн теңгенің жұмыстары атқарылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев баяндады.
– Биыл агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша «Алтынсарино» ЖШС-мен үш жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Бірінші жоба – «Жылқы өсіру бойынша мал шаруашылығы базасын кеңейту, аналық мал басын 250 басқа дейін жеткізу», бір тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Жоба құны 120 млн теңге. Екінші жоба – «Қамысты ауданының Алтынсарин ауылында қуаттылығы үш мың ірі қараны бордақылауға арналған объектіні кеңейту», тағы бір жұмыс орнын ашылады. Жоба құны 300 млн теңге. Үшінші жоба – Әулиекөл тұқымы бар ірі-қара мал өсіруге арналған мал шаруашылығы үй-жайларын қайта жаңартып, асыл тұқымды мал басын 250 басқа дейін жеткізу, бір жұмыс орнын ашу қарастырылғын. Жалпы жоба құны 200 млн теңге. Жалпы негізі бақыт ауыл шаруашылығы бағытында. «Ауыл аманаты» бойынша ерекше жоба жоқ, – дейді аудан әкімі.
Ауылдарды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарлама жобасы Қамыстыда сәтті жүзеге асырылуда. Биыл жоспарға сәйкес, аудан әкімінің айтуынша, 95,5 млн теңгеге 15 кредит рәсімделіп, 16 жұмыс орны ашылуы тиіс. Барлық жобалардың жалпы сомасы 73,5 млн теңгені құрап отыр. Бүгінгі күні межелеген жоспар – 76,9%-ға орындалған.
Бүгінгі таңда ауданның өнеркәсіп құрылымында өңдеу саласына 51,3%-ға жетті. Мәселен, тау-кен өндіру секторы – 46,3%, электрмен жабдықтау – 0,1%, сумен жабдықтау – 2,3%. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 592 млн теңге сомасында өнім өндірілді.
Өндіріс көлемінің ұлғаюынан «Қайрат «ПКФ», «Достастық-98» және «Алтынсарино» ЖШС-тері үлестерін қосуда. Сондай-ақ, жаңа инвестициялық жобалар, атап айтқанда «Қамысты НАН» жеке кәсіпкерлігі соның жарқыни мысалы. Бұл туралы газетіміздің өткен сандарында кеңінен жазылған болатын.
Қамыстыда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 20,8%, қоспалар 11%, нан өнімі 9,8% ұлғайды. Ауданның өңдеуші секторын одан әрі дамыту мақсатында инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Осы жылға арналған жоспарда Ливанов ауылында жиһаз цехын салу бойынша инвестициялық жобасын іске асыру көзделген («Алдикешев В.» ЖК), жобаның құны шамамен 20 млн теңге, 2 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашылу күтілуде. Қазіргі уақытта арнайы жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда әкімдік кәсіпкермен бірге қараусыз қалған ғимарат құжаттарын ресімдеу бойынша жұмыс жүргізуде, кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады, – дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, 2024 жылдың желтоқсан айына дейін Қамысты ауылында («Артамов» ЖК) ағашты қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру жоспарланған, қуаттылығы – тәулігіне 5 текше метр, жобаның құны – 5 млн теңге, жаңадан екі тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.
– Үстіміздегі жылдың ақпан айында арнайы жабдық (аралау) сатып алынды. Қазіргі уақытта жер учаскесін ресімдеуге қажетті құжаттар жинақталуда, – дейді Ерлан Әлімбайұлы.
Жыл соңына дейін жол бойындағы сервис бойынша екі жобаны аяқтау, сондай-ақ бұрынғы “Универмаг» ғимаратын толық реконструкциялау жоспарлануда.
“Қарабатыр” АФ ЖШС – Сахаров ауылында жол бойындағы қызмет көрсету нысанын салады (кафе, жатақхана), ауданы – 300 м2, жобаның құны – 80 млн теңге, 19 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Алдикешев В.» ЖК – Ливанов ауылында жол бойындағы кафе салу, ауданы – 70 м2, жобаның құны – 15 млн теңге, үш жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Хисаметдинов» ЖК – бұрынғы «Универмаг» ғимаратының сауда үй-жайын қайта жаңарту, ауданы – 700 м2, жобаның құны – 15 млн теңге, екі жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
–Аудан дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі негізгі капиталға жеке инвестиция тарту болып табылады. 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі – 6 млрд 72 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 28,6%-ға немесе 1 млрд 350 млн теңгеге жоғары. Облыстағы 20 ауданның ішінде жеке инвестициялар көрсеткіші бойынша 7 өңір қол жеткізді, оның ішінде Қамысты ауданы – 123,1%-ға жетіп отыр,– дейді Ерлан Жаулыбаев.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ