“Еңбек жолымды мұғалім болып бастадым”

“Еңбек жолымды мұғалім болып бастадым”

Маусым айының 24-і судья және сот қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке қарсаңында Жанкелдин аудандық сотының судьясы, осы салада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман Нұргүл Сауленмен ашық әңгіме құруды жөн көрдік.     

 – Әңгімені еңбек жолыңыздан бастасақ

– “Еңбек етсең шығасың, биікке өрлеп қыратқа, ісің ілгері баспайды жалқау болсаң бірақ та” деген екен ақын Жібек Ысқақова. Жастайымнан еңбекқор маман болып жұмыс өтілім 1994 жылдан басталды. 1991-1993 жылдары Семей қаласының М.Әуезов атындағы мұғалімдер колледжін үздік дипломмен аяқтадым. 1994-2000 жылдары ҚМУ-дің заң факультетінің құқықтану мамандығыдын сырттай бітіріп, алғашқы еңбек жолымды 1994-95 жылдары Қарағанды облысының Шет ауданы, Қарағанды қалаларының мектептерінде мұғалім болдым. 1998-2004 жылдарға дейін Қарағанды облысының Қазыбек би, Октябрь аудандық соттарында хатшы машинист, іс жүргізуші, Қарағанды облысының Әділет басқармасында аудармашы–кеңесші, Қарағанды облыстық сотында бас маманы – сот талқылауының хатшысы қызметтерін атқардым. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институын құқық магистрі мамандығымен үздік дипломмен бітіріп, 2006-2010 жылдарға дейін Астана қаласында ҚР Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің соттар қызметін ұйымдастыру департаментінің құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, соттар қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы және   басқа да қызметтерді атқардым. Сот жүйесіне мемлекеттік тіл мәселесін енгізу бағытында атқарған жұмыстар бойынша ҚР Жоғарғы Сот тарапынан мадақтау және бұрынғы Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі Комитет тарапынан, Астана қаласының әкімдігі атынан мемлекеттік тілге қосқан үлес үшін марапатталдым. 2010 жылдың тамыз айының басынан бастап, 2019 жылдың желтоқсанның соңына дейін Павлодар облысының Екібастұз қалалық сотының соты, 2020-2022 жылдың маусымына дейін Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында судья қызметін атқарып, 2022 жылдың маусымында Қостанай облысы Жанкелдин аудандық сотына келіп, судья қызметін бүгінге дейін атқарудамын.

– Сот ретінде алғашқы сот отырысыңыз есіңізде ме? Қалай өтті, нәтижесі қалай болды?

– 1998 жылы жас маман ретінде алғашқы сот отырысына қатысқан кезімде Қазыбек би аудандық сотының төрағасы Зинаида Ивановнаның ерлі-зайыптылардың заңды некесін бұзу туралы сот отырысында хаттама жазбай тыңдап отырып қалыппын. Бір кезде сот процессі аяқталып, адамдар шыққан соң, судья маған  қарап: “Неге хаттама жазбадың?” дегенде екі иықты көтеріп жауап бергенім бар еді. Сөйтіп, келесі процестен бастап ғана хаттаманы жазуға кірістім. Алғашқы отырысым осылай есте қалыпты. Ал, сот ретінде алғашқы отырысым Екібастұз қаласында өтті. Процесс орыс тілінде өтетін болды, өзім орысша жөнді сөйлей алмаймын. Дайындалып, күніне екі-үш сағат қана ұйықтап жүрдім. Орыс тіліне шорқақ болған соң, іс бойынша ойыңдағы сұрақтарды тараптарға орысша қою қиынға соқты. Алғашқы жылдары тәжірибелі заңгерлер орыс тілді жақсы білмегенім үшін  сынмен қарады, бірақ мен еш жасқанбадым. Орыс ұлтының өкілдеріне сот отырысы басталарда «Сәлеметсіздер ме?» деп қазақша амандасып, қазақша «отырыңыздар», сот процесі біткеннен кейін «сау болыңыздар» деп бір сөз болсын құлақтары үйрене берсін деп қазақша айтатынмын. Оным үшін ескертпе, шағым болған емес. Сот нәтижиесі бейбіт шешілді.

Осы уақытқа дейін қанша іс қарадыңыз? Қай сот отырысы қиынға соқты?

– Бір жылдың ішінде көптеген істі қараймыз. Жанкелдин ауданына қызметке келген жылы, яғни 2022 жылы 75 әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралды және 31 азаматтық іс болса, алты қылмыстық істі қарадым. Былтыр, 71 әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралса, 29-ы азаматтық істер, алтауы қылмыстық іс. Биыл 46 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды, азаматтық іс саны 11 және бір қылмыстық іс қаралды.

Сот жүйесінде татуластыру рәсімі қолданылады. Оның үстіне ауданда көп адам бірін-бірі таниды. Тұрғындар келісімге жиі келе ме?

Жанкелдин аудандық сотында татуласу рәсімі жиі қолданылады. Аудан халқы медиациялық тәртіппен істі шешуге қарсылықтарын білдірмейді, тиімді тәсіл екенін түсінген, тәжірибемізде жиі қолданамыз. Сотта азаматтық істердің 80 пайызы медиациялық тәртіппен аяқталады. Әкімшілік істердің 45 пайызға жуығы медиациялық келісім жасаумен шешілді. Бұл тәсіл сотта өте жақсы дамыған.

– Шешім қабылдау үлкен жауапкершілік. Қарапайым адам істей алмайтын шешім қабылдауға тура келеді. Әр тараптың пікірін тыңдап, ақ-қарасын айыруда психолог та бола білу керек шығар? Өзіңіз шешім шығарарда кәсіби заң маманы екеніңіз өз алдына, адами немесе басқа  факторларға мән бересіз бе?

– Әр тараптың пікірін тыңдап ғана қоймай, сот процесінің тәрбиелік мәніне ерекше назар аударып отырамын. Істі қарау барысында ең алдымен процессуалдық және материалдық заң нормаларын басшылыққа ала отырып, психолог та, мұғалім де, заңгер де сотта қажет болса, өзге де шығармашылық қабілеттер қажеттілігі қосылып жатады. Ішкі сезім бойынша сот процесінде бақыланған, көрген барлық мәселелерді, адами және өзге де факторларды  шешім шығару кезінде міндетті түрде ескеріп, есепке алып шығарылып жататын кездер тәжірибемізде көп кездеседі.

Қазіргі таңда соттарға қойылатын ненегізгі  талаптар қандай?

– Жалпы судьяларға қойылатын талап бірдей, тек бір бірінен құзіретімен ғана ерекшеленеді. Судьяның құқықтық жағдайы Конституция, конституциялық заңдар мен өзге де заңнамалармен белгіленеді. Судьяға қойылатын негізгі талаптар – антына адал болу, Конституция мен заңдарды бұлжытпай орындауға тиіс. Әдеп талаптарын сақтау, судья беделін түсірмеу, қызметінде адамды алаламай, әділ, адал атқару. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, сот төрелігіне заңсыз араласушылар болса әрекеттеріне қарсы тұру. Сондай-ақ, 30 жасқа толған жоғары адамгершілік, моральдық  қасиеттері бар, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Сонымен қатар, біліктілік емтиханын тапсырған немесе сот академиясын бітіріп, біліктілік емтиханынан, ЖК заңына сәйкес полиграфикалық зерттеуден өткен, республика азаматы болуға тиіс.

Сот жүйесінде маман әрі судья болып қызмет атқару кезінде соттан тыс қандай жүктемелеріңіз болды?

– Сот жүйесінде алғаш қызмет атқарған уақыттан бастап қай өңірде жүрсем де, бүгінге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болдым. Қызмет атқарған 27 жылда 150-ге жуық мақала жариялап, өз бастамаммен 2005-2012 жылдарға дейін мемлекеттік тілге байланысты дөңгелек үстелдер, сайыстар семинарлар ұйымдастырып, республика бойынша мемлекеттік тіл конкурстарын өткіздім. Осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде Жоғарғы сот тарапы тіл жанашырларына арналған 7 медальға ие болды. Сондай-ақ Судьялардың V Съезі мен Сот орындаушылар Съезін ұйымдастыруға да үлес қостым. Қызмет міндеттерін атқару барысында өзіме әрқашан сыни көзқарас танытамын. Азаматтық істер қарауда тәжірибелімін. Кез келген ірі іс-шараларды ұйымдастыруға батыл кірісемін. Жаңа бағытта жаңа нәрсе үйрену үшін үнемі  ізденіс үстіндемін. Ұйымдастырушылық қабілетім жоғары. қарапайым, қамқор, еңбекқор қызметкермін.

– Сот боламын деп талаптанып жүрген болашақ әріптестеріңізге берер кеңесіңіз? Қандай дүниелерге ерекше назар аудару керек? Неге дайын болу керек?

– Сот боламын деушілерге үнемі ізденіс үстінде болу керек. Шығармашылық қабілетті де дамытып отыру қажет. Заңнамада жиі өзгерістер енгізіледі, сондықтан мұқият зерделеуге назар аудару керек. Ауыр істерді қараған кезде немесе көп жылғы еңбек салдарынан алған психологиялық әсерлер адам ағзасына қайтсе де әсер етеді. Дер кезінде денсаулыққа қарап, демалуды да естен шығармаған жөн.

 

Әңгімелескен – Сералы МЫРЗАБАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу