Тасқынмен күресте көзге түскен торғайлық Президент қолынан марапат алды

Тасқынмен күресте көзге түскен торғайлық Президент қолынан марапат алды

Табиғи апат кезінде жерлестеріне көмек қолын созып, ауылын тасқыннан аман алып қалған азамат Әсет Дүйсенбаевқа мемлекеттік марапат табысталды.

Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезінде көмек көрсетіп, елге жәрдемдескен бірқатар ел азаматтарымен кездесті. Осы басқосуда Президент халықтың бірлігінің арқасында тасқынға тосқауыл қойылып, елді аман алып қалғанымызды тілге тиек етті.

Қазақстанның 10 өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.

«Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды», – деді Қасым-
Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады.

«Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық. Еліміздегі жан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам. Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін», – деді Ақордадағы жиында.

Осы кездесуге Жанкелдин ауданы Сарысу ауылының тұрғыны «Дүйсенбаев» шаруа қожалығының иесі Әсет Бөлтірікұлы қатысып, Президент қолынан «Шапағат» медалін алды.

«Мемлекет басшысымен кездесіп, осындай марапат алу мен үшін үлкен мәртебе. Алдымен осы сый-құрметке лайықты деп ұсынған аудан басшылығына ризашылығымды білдіремін. Елде төтенше жағдай болғанда ел перзенттері жұдырықтай жұмылып, күні-түні еңбек етті. Туған жеріме қызмет көрсету – перзенттік борышым», – дейді Әсет Дүйсенбаев.

Ол тасқын су кезінде өзінің техникаларын жұмылдырып, аянбай қызмет көрсеткен азаматтардың бірі. Жерлестері оған дән риза. Алыстағылар қаржылай көмек көрсетсе, ауыл азаматтары қолда барын жұмылдырып, тасқынға тосқауыл болды. Халықтың арасынан еріктілер жасағы құрылып, табиғаттың тосын мінезіне қарсы үлкен күш жұмсалды. «Елім» деген жанашыр азаматтардың еңбегі еленіп жатса, елдің де мерейі үстем болмақ.

 

Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ

Жанкелдин ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу