Меңдіқаралықтар шаруашылыққа экологиялық тиімді әдісті енгізді

Меңдіқаралықтар шаруашылыққа экологиялық тиімді әдісті енгізді

Ана бір жылы Федоров ауданына  барған іс-сапардан зығыр сабанын өңдеп, оны кәдеге жаратып отырған кәсіпкер туралы жазған едік. Яғни, сабанды олар  бұрынғыдай егіс алқабында қалдырмайды. Құрылысқа, отынға пайдаланады. Бұл экология жағынан өте тиімді әдіс.

Федоровтық кәсіпкердің жаңашыл ісіне көп шаруашылық қызығушылық танытты. Біздің облыстың үш-төрт шаруашылығы, көршілес Солтүстік Қазақстан облысы, тіпті, Ресейдің Челябинск, Екатеринбург, Ижевск қалаларынан зығыр сабанын  “аттай қалап” сатып алатындар көбейді.

“Біріншіден, сабан егіс алқабында бейберекет шашылып жатпайды. Сосын, оның өнімін кәдеге жарату – қосымша жұмыс көзі. Кейінгі кезде біз мұны отын ретінде пайданып жүрміз. Мұның қызуы қатты. Бір тонна сабан 0,3-0,4 тонна көмірге тең. Өте үнемді”, – деген-ді сол жолы “Трояна” ЖШС директоры Юрий Малышко.

Кәсіпкердің ізімен мұны облыстағы кейбір шаруашылық қолданысқа енгізді. Солардың бірі – Меңдіқара ауданындағы “Қарқын” ЖШС-і.

“Жылына 650 тонна көмір жағып шығатынбыз. Оны Қостанайдан әкелеміз. Бағасы қымбат. Ал мына зығырдың сабаны  экологиялық жағынан тиімді әрі көмірге қарағанда бес есе арзан”, – дейді шаруашылықтың атқарушы директоры Арман Қодаров.

“Харьковское” ауылы бірнеше жылдан бері мектеп, балабақша, ФАП тәрізді әлеуметтік нысандарды, серіктестік жұмыскерлерінің үйлерін сабанмен жылытып отыр.  Бұрын алқапта жайрап жататын, жинап, өртеудің өзі шығын әкелетін өсімдік қалдықтары  осылайша арзан қуат көзіне айналған.  Шөп-шалам, жүн-жұрқаны да отынға пайдалануға болатын әмбебап пешті  шаруашылық Польшадан сатып әкелген.

“Қарқын” ЖШС-і  күніне әлденеше  тонна дақыл өңдейді. Соның 70%-і қалдыққа кетеді. Оны жою үшін бұрын қосымша қаржы жұмсалатын. Ал, мына отын талғамайтын пештер іске қосылғалы мәселе шешімін тапты. Еш кәдеге жарамайтын, өртесе, қоршаған ортаға зарары көп зығырдың сабаны енді арзан отын.

“Мына  көмірдің қызуы 300 градус болса,  зығыр сабанының қызуы 1000 градусқа дейін жетеді. Тез жанады. Сондықтан ол ортақ жылыту қазандығына өтеді.  Сонда бойындағы қызу күні бойы ұсталып тұрады әрі тұрғын үй, мекемелерді жылытуға артығымен жетеді”, – дейді Арман Қодаров.

Бүгінде біздің облыста көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдары майлы дақыл өсіруге пейілді.  Өйткені оның нарықтағы өзіндік құны өте жоғары. Қалдық қалмайды.  Әсіресе, зығыр дақылының пайдасы көп. Оны “Қарқын” ЖШС дәлелдеп отыр.

“Жақсы дүние жерде жата ма? Бұл, өзі, кейінгі жылдары кең тарап жатыр. Өйткені пайдасы өте зор. Бұрын зығырдың сабанын біз егін алқабында жағып жіберетін едік.  Сабанның шіруі қиын.  Енді одан тез құтылудың жолы табылды. Біз ауылдағы барлық әлеуметтік нысанды, жұмыскерлердің үйлерін қыс бойы сабанмен жылытып отырмыз.  Қызуы өте жоғары. Келешекте ауылдағы барлық үйді  осындай әдіспен жылытпақпыз. Бұл көмірге қарағанда өте арзан әрі тиімді. Бір жағынан, зығырды өзіміз өсіргеннен соң отынды алыстан іздеп әуре болмайсың.  Сосын үнемді. Яғни, осы арқылы пайдаға кенелуге болады”, – дейді “Қарқын” ЖШС директоры Еркін Бұқанов.

Заманауи пештер орнатылғалы “Харьковское” ауылы ескі қазандықтардан құтылды. Оны жөндеп-жасқап отырудың өзі бір машақат еді.  Ал қазандықты әр жылыту маусымы алдында қалыпқа келтіру – кез келген ауыл әкімі үшін қиямет-қайым іс. Жаңа пештер көп орын алмайды. Жып-жинақы әрі ауаны ластамайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы

Меңдіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу