Бүгін Қостанайда ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында облыс патриоттарының «Жыл патриоты-2024» форумы өтті.
Қостанайдағы Жастар сарайында өңірдің ең белсенді азаматтары бас қосты. Олардың әрқайсысының өңір дамуына қосып жүрген үлесі зор. Қай-қайсы да еңбекқорлығымен, табандылығымен, қайсарлығымен айтарлықтай жетістікке жеткен ерекше жандар! Сан түрлі салада қызмет ете жүріп, қоғам ісіне белсене араласып, елгезектігімен көзге түскен мамандардың әрбірі өскелең буынға үлгі етіп көрсетуге лайық. Мұны салтанатты іс-шараның шымылдығын ашып берген облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали да тілге тиек етті.
«Егемен ел екенімізді айшықтайтын, беделіміз бен берекемізді анықтайтын қасиетті қазынамыз – Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Біртұтас ұлт болып қалыптасуымыз үшін ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрқайсымыз дайын болуымыз қажет. Бүгін біз Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегімен, нақты жетістіктерімен дәлелдей білген, халықтың алғысын арқалап, ықыласына бөленген, нағыз патриот тұлға бейнесін насихаттап жүрген азаматтарды марапаттағалы тұрмыз. Барлық марапатталушыны мерейлі табыстарымен құттықтаймын», – деді Ринат Зәкиұлы.
Бұдан соң кезек «Жыл патриоты» аталатын марапаттау рәсіміне берілді. Тобыл-Торғай өңірінің дамуына, гүлденуіне атсалысып келе жатқан азаматтар 11 аталым бойынша сый-сияпатқа кенелді. Атап айтқанда, ғылым, білім, мәдениет, спорт, медицина, волонтерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, технология, бизнес саласында жұлдызы жанған және ерлік ісімен көзге түскен азаматтар марапатқа ие болды.
Еңбегі еленіп, есімі ардақталған қуаныш иелерінің бірі – мүсінші, суретші, қолөнер шебері Мұханбетқали Рахалиев. Ол “Мәдениет” аталымында үздік атанып отыр.
«1992 жылы рәміздер байқауына мен де қатысқанмын. Жоғары кеңестен осы байқауға үн қосқаным үшін алғыс хат алған едім. Ол кезде 30 жастағы жігіт едік. Міне, одан бері де 32 жыл өтіпті. Әлі күнге дейін мүсін жасап, қолөнермен айналысып, карикатура жанрында еңбек етіп келемін. Дәл Рәміздер күні қарсаңында еңбегім еленіп, марапат иеленіп отырмын. Қуаныштымын», – дейді ол.
Осы іс-шарада табиғи апатқа қарсы күресте бар күш-жігерін жұмылдырған, су тасқынына тосқауыл қоюға белсенді араласқан ұжымдардың да еселі еңбегі елеусіз қалмады. ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, ҚР Қарулы Күштерінің 99260 әскери бөлімі, ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімі, облыстық ПД, «Надежда плюс kst» қоғамдық бірлестігі, «Барыс», «Регион-10», «ДОС» ерікті іздеу-құтқару жасақтары, Ахаң атындағы университет, облыстық ҚХА, облыстық ЖРО, «Қостанай-Су» мекемесі және басқаларына Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев марапат тапсырды. Сондай-ақ әр өңірдегі жастар ресурстық орталығы, әкімдік қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер облыс әкімінің грамотасын иеленді. Марапат алғандардың ішінде аманкелділік Айбек Таңатбаев бар. Ол алапат су тасқыны кезінде ерікті ретінде өңірлік штабта белсенді жұмыс істеді.
«Тасқыннан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету жұмыстарының алғы шебінде жүрген еріктілердің қызметі еленіп-ескеріліп, көптеген жас марапатталып жатыр. Сондай марапаттардың бірі Аманкелді ауданы атынан “Волонтер” аталымы бойынша маған да бұйырды. Бұл ауданның барлық азаматына көрсетілген лайықты құрмет деп есептеймін. Осы сәтті пайдаланып, қиын-қыстау шақта елге көмек қолын созған барша қазақ еліне алғыс айтамын», – дейді Айбек Таңатбаев.
Мерейі үстем болып, марапат иеленген азаматтардың ұзын саны отыздан асып түседі. Олардың құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды. Үлкен экраннан көрсетілген, туған өлкенің қадір-қасиетін тереңнен сездіретін көріністер көңілді баурады. Рухты қанаттандыратын ән-жыр әуелеп, күй күмбірлеп, өнер думаны іс-шараның көрігін қыздыра түсті.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ