Қарасу ауданы әлі күнге су құрсауында жатыр

Қарасу ауданы әлі күнге су құрсауында жатыр

Биылғы су тасқыны облыста бірнеше ауданды, көптеген елді мекенді әуре-сарсаңға салды.  Табиғи апаттан зардап шеккен өңірдің бірі – Қарасу ауданында әлі төтенше жағдай алынған жоқ.

Аудан әкімі Қайрат Оспановтың айтуынша, мұнда биыл көктемде 1 млрд текше метр су келген. Бұл аудан тарихында болып көрмеген жағдай. Елдегі көнекөз қариялар осыдан сексен жылдай бұрын алапат су тасқыны болғанын айтады. Бірақ оның өзі дәл қазіргідей көп тұрмапты.

“Біздің аудан көлеміндегі Алабота, Түнтүгір, Қойбағар көлдері топан судың салдарынан бірігіп кетті. Құдды бір теңіз дерсіз. Кей жердегі судың деңгейі екі метрге жуықтайды.  Жұмыс өте ауқымды. Есептеп көрдік, бір айда шамамен 1 млн текше метр су сорылса да, ол бірнеше айға созылуы мүмкін. Құрығанда қазан айына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз”, – дейді Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов.

О баста еріген қар суының әлегінен Қойбағар көлі ернеуінен асты. Ол Түнтігүр, Алабота көлдерінің қосылуына себепші болды. Ақыры Үлкен Чураковка-Қарасу күре жолының бір бөлігі  топан суға малшынды. Негізі, аудан орталығын жан-жағынан су буып тастаған.  Оның деңгейі әдеттегі нормадан асып кетіп, бірнеше елді мекенге апаратын жолға жайылды. Қарасудан облыс орталығына қарай шыға берістегі он алты шақырым күре жол әлі су құрсауында тұр.

Деңгейі шамамен 1,5 метрдей болады. Су басқан автокөлік жолының көлемі 620 мың шаршы метрге тең.

“Бұл өте үлкен аумақ. Қазіргі  таңда диаметрі 319 мм су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстарын қолға алдық.  Ұзындығы үш шақырымға созылған  тасқын суды бұру үшін екі сорғы станциясы сатып алынды.  Бұл Алабота көліндегі су деңгейін төмендетеді әрі сол арқылы Қарасу мен Восток ауылын келесі жылдары су басу қаупін азайтады. Өткенде тасқын дендеп тұрған кезде қаншама күш жұмылдырылды. Үш жүзден астам адам,  ондаған техника күндіз-түні жұмыс істеді. Қарағанды, көкшетау, Ақтөбе, қостанай қалаларынан әскерилер кезіп көмектесті. соның арқасында су басу қаупі төнген он алты ауылдың басым бөлігін табиғат апатынан құтқарып қалдық. Тек, Қарамырза, жұмағұл, Восток, Қарасу тәрізді бес елдімекенге су кірді. Әбүйір болғанда мал-жан аман”, – дейді Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Әділхан Ахметов.

Аудан орталығын он шақырым қашықта орналасқан Жұмағұл ауылында он үш үй түтін түтеді.

Солардың бірі Анатолий Валиев үйінде  жалғыз өзі тұрып жатыр.

“Үйге бас-көз болып отырмын. Мұнда қазір бес отбасы қалды. Көбі аудан орталығына, Қостанайға кетті. Тасқын су келген кезде ауылдағы шеткі үйлерді түгел су жапты. Менің жертөлемде әлі су іркілдеп тұр. Ауладағы су тізеден келетін. Қазір едәуір кеуіп қалды. Мемлекет зардап шеккен тұрғындарға дер кезінде көмектесіп жатыр. Зардап шеккендерге өтемақы, үй берілетін болды”,– дейді Анатолий Валиев.

Жалпы, Қарасу ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 98 өтініш қабылданған. Оның 96-сы жылжымайтын мүлік нысандарына келтірілген залалды өтеуге, біреуі мал өліміне қатысты,  бір өтініш   кәсіпкерлік субъектісінен түскен.

Барлық  өтініш комиссия отырыстарында қаралып, шыққан шығынның бағасы есептелді.  Тұрғын үйлерге техникалық тексеру жүргізілді. Аудандық  әлеуметтік қорғау бөлімі зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемақы төледі. Техникалық тексеру нәтижесінде 82 үйдің  жөндеуге жататындығы анықталды. 14 тұрғын үй қалпына келтіруге келмейді.

“Зардап шеккен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қарасу ауылында он төрт тұрғын үй іріктеліп алынды. Қазіргі уақытта мүлікті сатып алу үшін бағалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қарамырза ауылында екі үйді демеушілердің қаражаты есебінен сатып алмақпыз”, – дейді Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов.

Аудан басшылары жолдың көп бөлігінде әлі су жатқандықтан, оны  әзір жөндеу мүмкін еместігін айтады.  Көлік қатынасын тоқтатпау үшін уақытша өткелдер істелген.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ

Қарасу ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу