Федоровта үздік оқушылар дәріптелді

Федоровта үздік оқушылар дәріптелді

Федоров ауданындағы Ы. Алтынсарин мектебінің жеткен жетістігі көл-көсір. Аудандық, облыстық сайыстарда топ жарып жүр. Таяуда аталған мектепте жоғары деңгейде көрініп жүрген оқушыларды дәріптеуге арналған іс-шара өтті.

Іс-шара бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылған. Алдымен қонақтар мен ата-аналар «Өлкетану» музейіне бас сұғып, қазақтың салт-дәстүріне байланысты көріністерді, күнделікті өмірде қолданған заттарын тамашалады. Сонымен қатар логикалық ойындар ұйымдастырылып, тапсырмалар берілді.

Әрбір тапсырманың астарына қазақы болмыс пен ұлттық кодқа қатысты ұғымдар жасырылған. Мектеп заманауи техниканың да тілін меңгерген. «Робототехника» кабинетінде оқушылардың түс сезгіші мен ультрадыбысты сезгіштер арқылы істеген жұмыстары таныстырылды.

«Жақында Рудныйда өткен «Fest 2024» сайысына барып қатыстық. Онда 4-орынға ие болдық. 36 команданың ішінен осындай жетістік көрсету оңай емес. Сезгіштің негізгі міндеті – кедергілерді шеңбердің сыртына тез шығарып үлгеру керек. Секундына байланысты, кімнің роботы тез шығарады сол жеңіске жетеді деген сөз», – дейді информатика пәнінің ұстазы Абзал Шұғайыпұлы.

Федоров ауданында орналасқан жалғыз қазақ тілді мектептің шығар шыңы әлі алда. Ашылғанына он екі жыл болса да тындырымды істері көп. Ардагер ұстаз Сәуле Оспанованың айтуынша, мемлекеттік тілді білу – жас буынның келешегі үшін маңызды.

«Мен осы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Бүгінгі іс-шараға арнайы Астанадан келіп қатысып отырмын. Өте қуаныштымын. Мектебім биіктен көрініп, оқушылардың, мұғалімдердің жұмысын көріп, жетістіктерін естіп, сондай ризамын. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин атын алған мектеп аудандағы жалғыз қара шаңырағымыз. Қазақ тіліндегі мектептер үнемі алға ұмтылуы, ізденісі бір сәт те тоқтамауы керек. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтай береді. Мұны білім берушілер ғана емес, ата-аналар мен оқушылар да қаперде ұстауға тиіс. Осы іс-шара болашағымыздың жарқын екенінің айқын көрінісі», – дейді Сәуле Оспанова.

Білім ордасының жоғары жетістіктерге жетуі жақсы басшы мен ұйымшыл ұжымға байланысты. Бұл ретте мектеп директоры Нұргүл Қоңқастың да атқарып жүрген еңбегі жетерлік.

«Биыл 2023-2024 оқу жылында дарынды оқушыларды дәріптейтін бірқатар іс-шара өткізілді. Бұл жолғы бір ерекшелік – барлық бала қатысты. Ешкімді бөліп жарған жоқпыз. Оқушыларға білімді адамның әрдайым құрметке бөленетінін көрсеткіміз келді. Сондай-ақ, ата-аналар балаларының мектептегі іс-әрекетімен таныссын дедік. Осы жылы біз ешқандай баланы марапаттаған жоқпыз. Биылдан бастап марапаттауға қаржы бөлуге кәсіподаққа өтініш жасап отырмыз. Орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар бергіміз келеді. Бізде мұғалімдердің рейтингі бар. Онда мектеп іс-шарасы, аудан, облыс, республика деп бөлінеді. Сол бойынша есептеледі. Былтыр 3-орынды жеңіп алған мұғалімдерге ақшалай сыйлық табысталды», – деп атап өтті Нұргүл Қоңқас.

Назым Шынуар оныншы сынып оқушысы. Талабы таудай, арманы асқақ. Өзіндік ұстанымдары бар оқушы әрқашан дамып отыруды көздейді.

«Мен осыған дейін көптеген жарысқа қатысып, ұстаздарымнан алғыс алып келемін. Ыбырай Алтынсарин, Әбіш Кекілбаев, Әбділдә Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев оқуларына қатыстым. Нәтижесінде бәрінен де жақсы жетістіктерге жеттім. Мектепті жақсы аяқтап, еліме, туған жерімен үлесімді қосқым келеді», – дейді Назым.

Игі іс-шараға мектептің барлық мұғалімі мен оқушылары жұмылдырылған. Олар көрермендерге арнап ән айтты, ерекше өнерлерін көрсетті.

Сонымен қатар қонақтар арнайы орнатылған QR арқылы өз бағаларын беріп, мектеп ұжымына лебіздерін білдірді.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген – автор

Федоров ауданы

Жаңалықтармен бөлісу