Ауданда су тасқынынан айтарлықтай зардап шеккендер жоқ. Алайда Алтынсарин ауылында 21 үйге су кірді.
Жайылма, Фрунзе, Талдыкөл, Орқаш елді мекендерінің жолдарын су шайды, бірақ қазір барлығы қалып келді. Дегенмен, уақытылы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіптің беті қайтарылды.
Жергілікті атқарушы органдардың, аудандық төтенше жағдай бөлімінің және «Алтынсарин» ЖШС күш біріктіруімен Алтынсарин ауылының тұрғын үй аулаларына кірген қызыл суды мотопомпамен айдау жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ қар суының бағытын бұру үшін арналар салынды. Олар қиындықты осылай еңсерді.
«27 наурыз күні үйімізге су кірді. Ас үй, жатын және төр бөлмелерге дейін су жайлып кетті. Барлық көрпе-төсек түгел жарамсыз болып қалды. Гаражға шығарып тастадық. Апат айтып келмейді, беті аулақ, ең бастысы – басымыздың амандығы. Зардап шеккен тұрғын ретінде біржолғы өтемақы алдық, – дейді Алтынсарин ауылының тұрғыны Әлия Испаева.
Қазір судан жапа шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Алтынсариндіктерге қандай әлеуметтік көмек беріліп жатқаны туралы Қамысты ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімнің басшысы Сәуле Қыстаубаева айтып берді.
«Күннің күрт жылуына байланысты, еріген қар суынан зардап шеккен Алтынсарин ауылының тұрғындарынан 21 өтініш келіп түсті. Зардап шеккендердің өтініштері қабылданды. Бәріне 15 сәуірде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тұрғындарға жалпы сомасы 7 753 200 теңге өтемақы берілді, – дейді Сәуле Қыстаубаева.
Айта кету керек, зардап шеккен әрбір отбасыға 100 АЕК көлемінде бір реттік өтемақы беріледі. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат 1414 нөмірінен жіберілетін смс-хат арқылы таратылады. Мемлекеттің су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру міндеті туралы «Азаматтық қорғау» туралы Заңның 58-бабында айтылған.
Гүлмира Ғабжалел,
ҚӨУ-нің студенті