Жыл бойы сабақтан бас көтермеген балалар үшін жазғы демалыстың алар орны ерекше. Алайда жазғы демалыс – тек демалу ғана емес, сонымен қатар тұлғалық даму, шығармашылыққа жол ашу және жаңа достар табудың кезеңі.
Осы орайда Қостанай облысында мектеп жанындағы жазғы лагерьлер өз жұмысын белсенді түрде бастап кетті. Биылғы жылы өңір бойынша 97 мыңнан астам бала 733 мектеп алаңында ұйымдастырылған төрт ауысымдық лагерьлерде демалуда.
Соның бірі – Ахмет Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп жанынан ашылған
«Балдаурен» жазғы демалыс алаңы. Мұнда мектепалды дайындық сыныптарынан бастап 8-сынып оқушыларына дейінгі балалар таңғы 9.00-ден түскі 1400-ге дейінгі аралықта әртүрлі танымдық, мәдени, шығармашылық шараларға қатысып, қызықты әрі мазмұнды демалыс күндерін өткізуде.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсемгүл Бегайдарова лагердің мақсаты мен мазмұны туралы былай дейді:
– Біз үшін балалардың қауіпсіздігі мен қызығушылығы бірінші орында. «Балдәурен» алаңында әрбір баланың тұлғалық дамуына, еркін қарым-қатынас жасауына және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған. Балаларға арналған түрлі үйірмелер, спорттық жарыстар, экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінген. 1–4 сынып оқушыларына екі мезгіл тегін тамақ ұйымдастырылып отыр. Лагерьдің бірінші ауысымы екінші маусымнан басталып, үш аптаға созылады. Таңғы және түскі ас баланың күнделікті тамақтануын ғана емес, жалпы денсаулығын сақтау мақсатында беріледі.
Бұл ас мәзірі санитарлық талаптарға толық сай. Лагерь жетекшісі Шолпан Иманқұлова күн тәртібінің қатаң сақталатынын, балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтті:
– Таңертеңгі жаттығудан басталатын күніміз түрлі ойындармен, шығармашылық сағаттармен, спорттық жарыстармен жалғасады. Аптасына кемінде бір рет мәдени мекемелерге театр, мұражай, ойын-сауық орталықтарына экскурсиялар ұйымдастырамыз. Бұл балалардың дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттырады. Осындай ауқымды іс-шаралар мен жақсы ұйымдастырылған күн тәртібі –балалар үшін нағыз қуаныш. Бұл туралы оқушылардың өзінен артық ешкім айтып бере алмасы анық.
Ал Ернұр Сәкен, 4-сынып оқушысы әрі мектеп белсендісі, жазғы алаңға бірнеше жыл қатарынан қатысып келеді. Ол биылғы маусымды да асыға күткен.
– Лагерь мен үшін тек ойын ойнап, уақыт өткізу емес. Мұнда біз достарымызбен қайта қауышамыз, бірге қызықты іс-шараларға қатысамыз. Ең ұнайтыны – театрға барған кездер. Шығармашылық сағаттарда сурет салып, ән айтуды үйреніп жатырмыз. Мұндай лагерьлер жазғы демалысымызды пайдалы әрі көңілді өткізуге көмектеседі, – дейді Ернұр.
Лагерьде атаулы күндер де ұмыт қалмаған. 2025 жыл – елімізде «Жұмысшы жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, жазғы алаңда 8-сынып оқушыларына арналған арнайы бағыттағы іс-шаралар легі бастау алады деп жоспарлануда.
Еңбекке баулу, кәсіптік бағдар, шеберлік сабақтары, өндіріс орындарына экскурсиялар сияқты бағдарламалар арқылы оқушылар болашақ мамандықтарымен ерте танысып, өз қызығушылықтарын анықтауға мүмкіндік алатыны сөзсіз. Айта кетелік, облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл жазғы демалыс маусымы бұрынғыдан да қарқынды өтпек. Мектеп жанындағы лагерьлерден бөлек, 12 қала сыртындағы лагерь 9 маусымнан бастап жұмысын бастайды.
Олардың тоғызы – мемлекеттік, үшеуі – жекеменшік. Жалпы саны 8 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған. Сондай-ақ, «I-Qostanay» орталығында «It-smart» бағдарламасы бойынша қосымша білім беру платформасы іске қосылды. Балалар мұнда IT, робототехника, графикалық дизайн бағыттары бойынша білім алуда
«Балдәурен» жазғы алаңы – жай ғана уақыт өткізетін орын емес. Бұл – балаға сенім сыйлайтын, еркін дамуға жол ашатын, шығармашылық пен танымды қатар дамытатын орта. Мұндағы әр күн – балалық шақтың бір шуақты беті. Жаздың әр күні – мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті тиімді ұйымдастырып отырған мектеп ұжымы мен тәрбиешілерге ата-аналар да дән риза. Бұл ұжымдық жауапкершілік пен ұлағатты жұмыстың нәтижесі.
Ақмоншақ ДҮЙСЕНБЕК,
ҚӨУ студенті