Арқалықтық ардагерлер сайысқа түсті

Арқалықтық ардагерлер сайысқа түсті

Арқалық қаласы ардагерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізілді.

Атап айтқанда, қол күресіне 17, асық атуға 24, жамбы атуға 25 ардагер қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Арқалық қалалық филиалының төрағасы Түбекбай Әубәкіров өз сөзінде қалалық «Дене шынықтыру және спорт» бөлімінің әлеуметтік тапсырыс аясында спорттық жарыстарға байланысты өткізілген конкурсте ардагерлер ұйымы жеңімпаз болып танылғанын, алдағы уақытта спорттық жарыстарды ардагерлер ұйымы өткізетінін айтып, зейнеткерлерді жарысқа белсенділікпен қатысуға шақырды.

«Бүгінде өңір бойынша 4866 ардагер есепте. Арқалық қалалық ардагерлер ұйымы үнемі қала өмірімен біте қайнасып келеді. Мәдениет ошақтарында, білім беру ұйымдарында өтетін іс – шаралардың ұдайы төрінен табылып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін беріп келеді.  Қалада қариялардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру шаралары да жақсы жолға қойылған. Арнайы ардагелер бөлмесі жұмыс істейді. Онда қарттарға мерзімді газет-журналдарды оқып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, теннист ойнауға қолайлы мүмкіндіктер жасалған», –дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Ғапсалықұлы.

Жарысқа қалалық білім бөлімінің спорт жөніндегі әдіскері Ораз Дәркенов бас төрешілік жасады. Нәтижесіне тоқталар болсақ, бірінші орынды: асық ойынынан Жақсылық Алматов, қол күресінен  Мақсұт Рахилин, садақ атудан Асқар Керейбаев жеңіп алды.

Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, арнаулы медалдар мен дипломдар табыс етілді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу