Жерлесіміз ел чемпионы болды

Жерлесіміз ел чемпионы болды

Петропавл қаласында өткен қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында қостанайлық Сұлтан Төлепов жеңімпаз атанды.

Сұлтан алғашқы кездесуінде Павлодар облысының баласын қоян-қолтық белдесуде үш минуттың ішінде ұтып, екінші Қарағанды облысының балуанын екі жартылай ұпайымен тізе бүктірді. Павлодар облысынан барған қатысушыны екі минутта ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Финалда жарыс қожайыны Солтүстік Қазақстанның баласын не бары екі секундта таза жеңіп, ел чемпионы болып отыр.

“Мен бұған дейін де жарыстарға барғанмын. Салықбеков дейтін ағайдың еске алуында өткен Семейдегі жарыста бірінші орын алдым. Осы Қостанайда Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық турнирде чемпион болдым. Кейін Талдықорғанда, Көкшетаудағы жарыстарда үшінші орын, Шымкентте Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған республикалық турнирде байқамай екінші орын алып қалдым. Сонда бізді дайындайтын Серік Дәрменбаев, Талғат Кеңесов ағайларым: “сен қорықпа, жақсы дайындалсаң, батыр боласың!”, – деген еді. Мен сол үшін қуаныштымын”, – дейді Сұлтан балуан.

Заречный ауылындағы Ахмет Байтұрсынов жалпы білім беретін мектебінде оқитын  балуанымыздың осындай лақап аты бар. Өзінің айтуынша Сұлтан балуанның күреспен айналысып келе жатқанына алты жыл болыпты. Алда құдай сәтін салып, Қажымұқан атасының жолын берсін деп тілейміз!

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Жаңалықтармен бөлісу