Соңғы екі-үш күндікте Ресей су қоймаларынан жіберілген су теріскейдегі өңірлерді мазасыздандырып отыр.
Мәселен, іргесінен Әйет өзені ағып жатқан Б.Майлин ауданында тасқын суға төтеп беру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр.
Су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін дейді аудан басшылары.
“Ресей Федерациясындағы Катенинское платинасынан секундына 70 куб су кеп жатыр. Дәл қазір жағдай қалыпты. Дегенмен, қуануға әлі ерте. Су бөгетке тіреліп тұр. Мұның ұзындығы 2 шақырым 200 метрдей болады. Осы қорғап тұр, бізді. Бірақ, судың ағысы қатты. Әзірге оның деңгейі артпаса, бәсеңдейтін түрі көрінбейді. Оның үстіне биыл өзі жылдағыдан қар бес есе көп түсті. Сондықтан, судың мөлшерін тап басып айту қиын. Қандайда бір төтенше жағдай туындай қалса, қамсыз отырмауы үшін тұрғындардың бәрін құлақтандырдық, – дейді Б.Майлин ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы. Бауыржан Ахметов.
Жылда қар суы ерігенде, ауылдың шеткері көшелерін су алып кететін. Биыл да қырдан құлаған қарғын су кейбір үйдің қопа-қопсысына, жертөлелеріне кірген.
Бірақ, шұғыл іс-қимылдың арқасында жағдайды ушықтыруға жол берген жоқпыз дейді жергілікті атқарушы биліктің өкілдері. Екі күннің ішінде ауыл сыртынан ұзындығы бір шақырымнан асатын терең ор қазып қойған. Ойпаңға жиналған су біткен қазір сонда құйып жатыр. Өзен бойына күндіз-түні кезекшілік қойылған. Аудан басшылары мен төтенше жағдай бөлімінің мамандары жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біз әңгімелескен ауыл тұрғындары мұндай тасқынды бұрын-соңды көрмегенін айтады.
“Мұндай су 1993-94 жылдары болды. Ол жылдары мен аудан әкімінің бірінші орынбасары болып қымет істеймін. Екі жыл қатарынан су қатты келді. Бірақ, дәл осындай тасқын болған емес. Егер мына бөгет салынбағанда ауылды су алып кетуші еді. Одан келер қауіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны алдағы бір-екі күн бақылау керек. Қазір жоғарғы жақтағы суды байқаймыз. Егер алты сағаттың ішінде басылмаса, онда қауіп туындауы мүмкін, – дейді Әйет ауылының тұрғыны Кенжебек Есжанов.
Сондықтан, су басу қаупі жоғары жерлерге экскаватор, К-700, жүк тиегіш тәрізді техника, жиырма үш су сорғыш қойылған.
Мұның сыртында жүз елудей адам тасқын суға төтеп беру жұмыстарына жұмылдырылған. Аудан басшылары су деңгейін қадағалау үшін күндіз-түні кезекшілік етеді. Тасқынға тосқауыл боларлық қапшықтар мен инерттік материалдар да жеткілікті. Алда-жалда үйлерге су кірсе, тұрғындарды уақытша орналастыратын мектеп, бала-бақша сияқты ғимараттар дайын тұр.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.
Б.Майлин ауданы