Жаңа жоба, тың тәсіл

Жаңа жоба, тың тәсіл

Соңғы үш жылда облыс орталығында жеке кәсіп ашқандардың саны 30%-ке артқан. Наурыз айының басындағы дерекке сүйенсек қалада 31 919 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Оның 6 мыңнан астамы заңды тұлға болса, 25 231-і жеке кәсіпкерлік және 250 шаруа немесе фермер қодалығы. Осы кәсіпкерлерде 79 685 адам жұмыс істейді.

“Шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығаруы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артып, 832 млрд теңгеге жетті. Негізгі пайда көтерме және бөлшек саудадан түседі. Өнеркәсіп саласында 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында қала кәсіпорындары қолданыстағы бағамен 232,7 млрд теңге өнім өндірді. Облыс өнеркәсібіне қаланың қосқан үлесі 55,1% болады”, – деді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да қарқынды. Өткен жылы жалпы құны 18,8 млрд теңге болатын 7 жоба іске асқан. Биыл құны 91,5 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 561 жұмыс орны ашылады.

“Көтерме сауда айналымы да биылғы жылы 2,4 пайызға артса, бөлшек сауда 11,1 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері азық-түлік дүкендері, киім-кешек, автокөлік бөлшектері және басқа да халық тұтынатын 12 дүкен ашылды. Мұның сыртында супермаркет, автосалон ашылады”, – деді бөлім басшысы.

Бұл ретте шағын және орта бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау шаралары үлкен әсер етіп отыр. Жобалардың барлығы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде іске асырылып келеді.

“Ұсынылып отырған қолдау шаралары кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау есебінен жеңілдікпен несие алуға, банктер алдында мемлекеттің кепілдігін алуға, сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға мүмкіндік береді. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қостанай қаласының кәсіпкерлеріне 42,7 млрд теңге сомасына 447 несие берілді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның “екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау” жобасы шеңберінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 32,3 млрд теңгеге 229 жобасы мақұлданды”, – деді Мира Қазкеева.

Берілген несиенің дені жүк тасымалы, сауда қызметі, ет өндіру қызметі, ұзақ сақталмайтын нан-тоқаш және ұн кондитерлік өнімдерін өндіру, ет және балықты қайта өңдеу цехы, арнайы техника сатып алу, көлік-экспедициялық қызметтер қызметін кеңейтуге існе бағытталған.

“Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның күші жойылды. Оның орнына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірледі. Жаңа тәсілдер шеңберінде кредиттер бойынша субсидиялау өңдеу өнеркәсібінің, агроөнеркәсіптік кешенді, қайта өңдеудің және жоғары технологиялық қызметтердің жобаларына бағдарланған. Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені біртіндеп азайтуға көмектесетін және ШОБ-қа нарықтық тетіктерді пайдалана отырып қаржыландыруға көшуге мүмкіндік беретін сараланған әдіс пайдаланылатын болады. Мұндай жобалар бойынша үш жыл ішінде түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшерлеме 8%, 4 жылға 9% және 5 жылға 10% болады. Сондай-ақ, осы жылдан бастап 5 млн теңгеге дейінгі гранттар конкурсына тек тиісті тізілімге кіретін әлеуметтік кәсіпкерлер және “Бір ауыл-бір өнім” жобасының финалистері қатыса алады”, – деп түсіндірді бөлім басшысы.

Қазіргі күнде Қостанай облысының әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне 25 субъекті енген. Оның 17-сі Қостанай қаласының кәсіпкерлері. Тізілімге қабылдау 1-15 маусымы аралығында жүргізіледі. Өтінім қабылдау тоқсан сайын іске асырылады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу