Қостанай облысының елді мекендерін газбен жабдықтау үшін осы жылы 9 жоба жүзеге асырылады. Ол үшін Ұлттық қор мен республикалық және облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген.
Бұл жайлы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Энгергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров айтып берді.– Өткен жылы 2 млрд теңгеге 3 ауыспалы жобаның құрылысын бастадық. Олар – Әулиекөл ауданы бойынша Әулиекөлден Құсмұрынға дейін газ құбырын салу, Қостанай ауданының ықшам аудандарына инженерлік коммуникация желілерін жүргізу, сондай-ақ Қарабалық ауданының Гурьянов ауылына газ желісін тарту жобалары. Бұл жобалар ауыспалы болғандықтан биыл аяқтаймыз, – деді басқарма басшысы Дәурен Асқаров.
Осы жылы да құны 800 млн теңгелік бірнеше жобаны іске асыру жұмыстары басталған. Бейімбет Майлин ауданының Берегов ауылына газ тартылса, Әйет ауылына төмен қысымды газ құбыры жүргізіледі. Алтынсарин ауданының Большой Чураков ауылына да газ беріледі. Мұның сыртында 37,2 млн теңгеге екі жобалық-құндық құжаттама әзірленеді. Нәтижесінде, Бейімбет Майлин ауданының Новоильинов және Қамысты ауданына қарасты Ливанов ауылына көгілдір отын жетпек.
– Былтыр”QazaqGaz” Ұлттық компаниясы” АҚ Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасын қайта қарады. Құжатқа Қостанай облысы да енді. 2030 жылға дейін газдандырудың өңірлік схемасында облысты көгілдір отынмен жабдықтау желілерін дамыту жалғасады, – деді спикер.
Биыл өнімділігі 150 мың м3/сағ болатын автоматты газ тарату станциясы салынады. Ол Қостанай қаласы мен іргелес аудандардағы жаңа тұтынушыларды газбен жабдықтау желілеріне қосуға мүмкіндік бермек.
– Меңдіқара ауданын газдандыру үшін Қостанай қаласының №2 станциясынан тарту керек. Қостанай қаласынан Боровское ауылына дейін ұзындығы 90 шақырым магистралды газ құбырын салу қажет. Меңдіқара ауданының орталығында өнімділігі 100 м3/сағ болатын газ тарту станциясын салу көзделіп отыр. Жұмыстар толық атқарылған жағдайда Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарының ауылдарын сағатына 45,4 мың м3 көлемде газбен қамтуға болады, –деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, қазіргі жағдай бойынша облыстың 526 елді мекенінің 78-і көгілдір отын тұтынып отыр. Аймақта газдандырылған халық деңгейі – 58,1%. Қала тұрғындарының 77,5% газбен қамтылса, ауыл тұрғындарының тек 26,7% көгілдір отынға қол жеткізген.
Сералы МЫРЗАБАЙ