Бұл туралы Рудный әкімінің міндетін атқарушы Виктор Ионенко Instagram-да хабарлады. Қаланы тазарту жұмыстарын осы аптада аяқтау жоспарланып отыр.
«2022 жылы «Рудный-АЖАР – 2006» ЖШС-де қоқыс шығару жөніндегі шарттарда көрсетілген міндеттемелердің орындалмауына байланысты, 98,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Қатты тұрмыстық қалдық шығару кестесі сақталмағандықтан, контейнерлер қойылған орындар қоқыстан көрінбей кеткен. Мұның бәрі қаладағы санитарлық жағдайға кері әсерін тигізіп, халық арасында наразылық туындады», – дейді В.Ионенко.
Еске сала кетейік, өткен айдың соңында «Рудный АЖАР-2006» ЖШС кәсіпорынның есеп айырысу шоттарына тыйым салғандықтан, қызмет көрсетуге арналған техниканы іске қосуға мүмкіндік болмай жатқаны туралы қала әкіміне шағым айтқан болатын. Қазіргі таңда Рудныйда ұзын саны 120 қоқыс жинау орны бар. Осы жылдың 11 қаңтарынан бастап 60 орынға қызмет көрсетумен «L-Traiding» ЖШС айналысып жатыр.
«11 наурызда контейнер қойылған орындар мен көп қабатты үйлердің кіреберістерінен 120 тонна қоқыс шығарылды. Жағдай бақылауда және жақын арада тұрақтанатын болады», – деді Виктор Ионенко.