«Шебердің қолы ортақ»: үздік қолөнершілер анықталды

«Шебердің қолы ортақ»: үздік қолөнершілер анықталды

«Қостанай таңы» газеті тұсауын кескен тағы бір жоба аяқталды. «Шебердің қолы ортақ» облыстық қолөнершілер байқауы Ұлыстың ұлы күніне орай жарияланған еді. Ұлт өнерінің дамуына үлес қосып жүрген шеберлер ең таңдаулы жұмыстарын сынға салды. Нәтижесінде үзіктері анықталып, жүлдегер атанды.

Атадан ұлға, анадан қызға аманат болып жалғасып келе жатқан қазақ қолөнерін насихат ету – осы байқаудың басты мақсаты. Оның салт-дәстүр көрмесі саналатын Наурыз мейрамына арналуының да мән-маңызы бар. Бастысы, байқау арқылы өңірімізде қолөнермен айналысатын адамдардың өзіміз ойлағаннан әлдеқайда көп екеніне көз жеткіздік. Қоржынымызға жиырмадан астам жұмыс келіп түсті. Көбі – тігінмен айналысатын әйелдер қауымы. Бір өкініштісі, кейбір дарынды үміткерлерді байқауға қатыстырмауға мәжбүр болдық. Себебі бірінің жолдаған материалы сапаға сай келмеді, бірінің мәліметі толық болмады, кері байланыс ұстау қиынға соқты. Дегенмен қолда бар жұмыстарды арнаулы комиссия мұқтият қарап, лайықты бағаларын берді.

Сонымен, төрешілердің шешімімен «Шебердің қолы ортақ» байқауында 1-орынды (20 мың теңге) танымал оюшы Шөптібай Байділдин иеленіп отыр. 2-орын (15 мың теңге) торғайлық кілем тоқушы Қарлығаш Спабекке бұйырды. Киізден картина жасайтын қостанайлық шебер Ибагүл Барсақбаева 3-орынға лайық деп танылды (10 мың теңге). Мұның сыртында көрермен көзайымына айналып, сайтта көп қаралым жинаған тігіншілер – Гүлшат Хамзина мен Индира Қанғожинаға да 5 мың теңгеден арнаулы сыйлықтар тағайындалды. «Қостанай таңы» газетінің жанашыр демеушілері ұсынған ақшалай марапат жүлдегерлердің шотына аударылып, дипломның электронды нұсқасы жеке нөмірлеріне WhatsApp желісі арқылы жолданды.

Осы байқаудың өтуіне атсалысып, материалдық қолдау көрсеткен демеушілерімізге зор алғысымызды білдіреміз!

Жаңалықтармен бөлісу