«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Арқа ауылында демалыс үйі салынып жатыр. Құрылысы өткен жылы басталды. Бұдан бөлек, Қамыстының Арқа ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт, Алтынсарин мен Бестөбеде медициналық пунктер салынады.
Қамысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмат Елемісовтің айтуынша, Арқа ауылында автономды қазандығы және инженерлік желілері бар 120 орындық демалыс үйінің құрылысы өткен жылы басталған. Екі жылдық жобаға бөлінген қаражат 573,1 млн теңгеден асады. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 521,7 млн қарастырылған, техникалық қадағалауға 16 млн теңге жұмсалып отыр, оны «Қарген-Сервис 2006» ЖШС мойнына алған. Авторлық қадағалау – 5 млн теңгеге жуық (ЖК «Ахмеров»).
Былтыр мәдени нысанның іргетасы қаланып, қабырғалары, ішкі бөлімдері, шатыры және терезелері салынды. Барлығы 286,2 млн теңге игерілді.
«Биыл барлығы 256 478,7 мың теңгені игеру қажет, оның ішінде: құрылыс-монтаж жұмыстарына – 247,1 млн, техникалық қадағалауға – 7, 1 млн, авторлық қадағалауға – 2,2 млн-ға жуық қаржы жұмсалады. Осы жылғы құрылыс-монтаждау жұмыстары 20 ақпаннан басталып кетті. Аванстық бөлігін 2024 жылдың наурыз айында төлеу жоспарлануда. Келісім-шарт бойынша жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылдың желтоқсан айына келіп тұр. Дегенмен, жұмысты алдын ала аяқтап, нысанды алдағы шілде айында тапсырамыз ба деп белгілеп отырмыз», – дейді Қамысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмат Елемісов.
Жоба бойынша киім қабылдау бөлмесі, әдістемелік, тренерлік кабинеттер, сондай-ақ учаскелік пункт пен ауылдық округ әкімдігі үшін үй-жай көзделген. Ғимаратта спорт залы, көрермендер залы бөлек деп жобаланған. Сондай-ақ, абаттандыру (автотұрақ, жасыл алаңдар) және қатты отынмен жұмыс істейтін автономды қазандық орнатылмақ.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасына біздің ауылымыз қосылғанын білгенде тұрғындардың бәрі қатты қуанды. Ауылдықтар үшін мәдениет үйінің салынуы өте қуантарлық жағдай болды. Енді осы жерде балаларымыз үйірмелерге, спорттық секцияларға келіп қатысатын болады. Осыған дейін ауқымды шаралардың барлығы мектептің спорт залында өтіп келді. Келесі жылдан бастап жаңа демалыс үйінде өтетін болады», – деп қуанып жүр арқалықтар.
Айта кету керек, бұл нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы негізінде республикалық бюджет қаражатынан салынып жатыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Қамысты ауданы