Қазақ елін тәнті еткен Суджин жайында фильм түсірілді 

Қазақ елін тәнті еткен Суджин жайында фильм түсірілді 

«Turkistan» телеарнасы «Кәріс келін» атты телесериал түсірді. Бұған түркістандық азамат Сәкен мен корей қызы Суджин арасындағы ақ адал махаббат арқау болған.

Басты кейіпкерді сомдаған Жұлдыз Мұрат AtyrauPress-ке берген сұқбатында бұл киноның шынайы өмірден алынғанын айтады.

“Бұл Түркістан облысы, Түлкібас өңіріне келін болып түскен Суджин есімді қыздың өмірі туралы «Түркістан» телеарнасының ең алғашқы төл киносы. Әзірге қанша сериалы болатыны нақты белгісіз”, – дейді Жұлдыз Болатбекқызы.

Түсірілім қараша айында аяқталды. Режиссердің айтуы бойынша кино телеарна мен кинотеатрларда көрсетілетін болады.

Жұлдызға кореялық қыздың образына кіру оңай болмапты. Содан шын өмірдегі Суджинмен жүзбе-жүз көрісіп, екеуі әңгіме-дүкен құруға бекінеді. Қазақша бірнеше сөзді үйреніп, тұрмысына да әбден төселіп қалған келіншекпен тез тіл табысып кетеді.

“Түсірілім барысында қиындықтар болғанын жасырмаймын. Мәтінді өз тілімізде емес, корей тілінде жаттадық. Рас, кәрісше сөйлеу маған аса қиындық келтіре қойған жоқ. Ал, Кореядан Қазақстанға махаббаты үшін келіп тұрған қыздың ішкі толқынысы мен бұлқынысын бұлжытпай беру үшін көбірек жұмыстануға тура келді. Осы тоғыз күн ішінде ұйқының не екенін ұмыттық. Бірақ, қиындықтармен қатар қызықты сәттер де болды. Мен өмірімде мүлдем сиыр сауып көрген емеспін. Түсірілім барысында сиыр сауу есте қалған ең қызықты сәттердің бірі болды. Бұдан да басқа қызықты сәттер көп. Оған кино жарыққа шыққан кезде куә боласыздар”, – дейді фильмде басты рөлді сомдаған актриса.

 

Жаңалықтармен бөлісу