«Шалқыма» ансамблі халық әндерін насихаттап жүр

«Шалқыма» ансамблі халық әндерін насихаттап жүр

Облысымызда қазақ халық әндерін насихаттауға зор үлес қосып жүрген тамаша ансамбль бар. Топ құрамында тек қыздар. Сызылта ән салулары өзгеше.

Бұл «Шалқыма» вокалдық-домбырашылар ансамблі 2008 жылы Қостанай ауданы, Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінің жанынан құрылды. Тұрақты жетекшісі – Айнұр Сейітова. «Шалқыманың» қыздары сахна төрінде әуелете ән салғанда көңілің толып, айналаң нұрланып кететіндей.

Айнұр Тойлыбайқызы Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылының тумасы. Өзі мектепте өнерге де, түрлі қоғамдық іс-шараларға да жақын болып, басы-қасында жүретін. Балалар домбырашылар ансамблінде күй ойнап, ән шырқайтын. Ең алғаш домбырасын қолына алып сахнаға шыққан сәті әлі күнге есінде. Ол кезде бірінші сыныпта оқитын. Шыға сала еш қысылмай «Қошақаным», «Көкеме хат» әндерін әуелете жөнелді. Жиналған көрермен риза болып, қолпаштағанда бала көңілі өсіп, сенімі нығая түсті. Содан бері қасиетті сахнаның құдіреті жіберген емес. «Әнші балпан», «Термешілер байқауы», «Арқа әуендері» фестивальдеріне қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр. Өнер жолынан кеткен емес. Қазір «Алтын дән» мәдениет үйінде еңбек етуде. Республикалық, облыстық байқаулардың дипломанты, «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері.

 

Өзі құрған ансамбльдің құрамында бес әнші бар. Олар: Зылиха Төлебаева, Гүлмира Әлжанова, Ажар Ермағанбетова және Таңшолпан Мәдиева. Бесеуі де өз салаларын жақсы меңгерген, өнер десе барын беруге даяр нағыз бесаспап қыздар. Біреуі қобызда, бірі шертер, домбырада ойнап, ән салады.

“Ансамбльді құрарда қалай атасақ екен деп ойландық. Ойласа келе «Шалқыма» деп атауды жөн көрдік. Ансамбль қыздардан құралған, әрі қазақ халық әндерін кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан, сол әндерді шалқытып, әуелетіп жүрсек дедік. Қазіргі кезде эстрадалық топтар өте көп. Ал домбырада ән айтып жүрген біздер неге қазақ халық әндерін орындамаймыз деп шешім қабылдадық. Әрине, қәзіргі таңда кез келген өнер адамына қолдау өте қажет. Себебі сыртқа шығып, әр түрлі байқауларға барудың өзі қаражатқа келіп тіреледі. Қолдаушылар табылып жатса қуаныштымыз”, – дейді Айнұр Тойлыбайқызы.

Осы жылдар ішінде ансамбль өздерін сан қырынан таныта білді. Қалың көрерменін түрлі репертуарларымен қуантып келеді. Облыстық, аудандық ауқымдағы, сондай-ақ одан тыс жерлердегі іс-шараларға қатыса отырып, мерекелік бағдарламалардың да сәнін келтіріп жүр.

Ансамбльдің репертуарында қазақ халық әндерімен қоса Қазақстан композиторларының шығармалары да жеткілікті. Ең бастысы қазақтың халық шығармашылығын насихаттап жүр.

«Шалқыма» вокалдық-домбырашылар ансамблі халықаралық және республикалық фестивальдер мен байқаулардың лауреаты және дипломанты. Қол жеткізген жетістістері мен марапаттары да аз емес. Өткен жылдарды айтпағанның өзінде соңғы үш-төрт жыл ішінде де талай шыңды бағындырып тастапты. Ал бұл өнер ұжымы үшін мақтанарлық дүние.

«Мuѕіс talent» халықаралық вокалдық және аспаптық өнер байқауының Бас жүлдесі, «Сен – жұлдызсың!» II Халықаралық қашықтық фестиваль-байқауының 2 орын иегері, «Көнеден жеткен күмбір» аймақтық фольклорлық фестивалінің дипломанты, облыстық «Шалқыма» вокалдық-домбырашыларансамбльдері байқауының І орны иегері, Алматы қаласында өткен Халықаралық халық шығармашылығы байқауының Бас жүлде иегерлері… Айта берсе жетіп жатыр. Оның сыртында түрлі телевизиялық шоуларға қатысып, мықты мамандардан шеберлік сағаттарын да алған еді. Оның да маңызы зор. Әр жеңістің артында еңбек пен талпыныс, өнерді шыңдай түсуге деген жігер жатыр. Осының арқасында «Шалқыманың» аты шығып, еңбектері бағаланды. Алғыс хаттар, түрлі кездесулер де өтіп жатады. Мұның бәрі өнер адамы үшін шабыт береді. Бірақ өнер жолында да түрлі қызықтар бола береді.

“Біздің басымыздан өткен оқиғалар көп. Мамыр айында Алматыға халықаралық фестивальге бардық. Фестивальден Бас жүлде алып, өзіміз мәз-мәйрамбыз. Қайтар кезде арамызда бір қыздың туысқан ағасы оны қонаққа шақырған болатын. Ол кісінің үйі вокзалдың қасында болғандықтан біз барлық заттарды қызға тапсырдық. Ал қалған төрт қыз қаланы аралап, кешке вокзалға келдік. Поездың жүруіне 2-3 мин қалған кезде ғана ол қыз заттарымызбен зорға үлгеріп, бір қолымызда домбыра, бір қолымызда чемоданымыз. Әйтеуір поездға улап-шулап міндік. Енді қарасақ бір домбыра машинада қалып қойыпты. Содан сол домбырамызды бір айдан кейін поштамен алдық. Сол кезде  жақсыға жорып, «тағы да Алматыға келеміз» деп айтып едік. Алланың қалауымен Алматыға КТК телеарнасындағы “Кел, шырқайық” теле-шоу бағдарламалармасының кастингінен өттік. Алла қаласа сәуір айында сол бағдарламаға жол жүреміз деген ойымыз бар”, – дейді ансамбль жетекшісі.

Ансамбль мәдениет үйіндегі түрлі мерекелік, театрландырылған көріністерге де атсалысып отырады. Ендігісі репертуарларын жаңартып, көптеген байқауларға қатысып, жеке есеп беру концертін өткізуге дайындық үстінде. Ең бастысы қазақ халқының өнері мен мәдениетін, әндерін дамыту басты мұраттары.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу