Аудан көлемінде қолынан іс келетін қыз-келіншектерді анағұрлым кәсіп саласына тартып, тәжірибемен бөлісу Жанкелдин ауданындағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жанынан құрылған “іскер әйелдер кеңесінің” басты ұстанымы.
Тұрғылықты жердегі кәсіпкерлікті дамытып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының артуына үлес қоссақ дейміз. Бүгінде кеңестің жылдық жоспары құрылып, кәсіпкерлік бағыт бойынша жұмыс бастап жатырмыз. Алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасап, кеңестің қолдауымен кәсібін бастаймын деген нәәзік жандыларға қол көмегімізді аямаймыз. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер айтылған жерде қалмайды. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы ықпал жасап, көмектесуге әзірміз», – дейді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Арайлым Талапқызы бизнес саласында жүрген нәзік жандылармен өткен алғашқы кеңесте.
Жанкелдин аудандық мәслихатының төрайымы Анар Ержігітова кеңестің ашылу салтанатымен құттықтады.
Кірістер басқармасының басшысы Жанкелді Қалабайұлы «Жеке кәсіп ашу қалай жүзеге асырылады және салық режимдері» жайлы ақпарат берді.
Аудандық мансап орталығының маманы Бақытжан Ербатырұлы арнайы курстық оқуды оқып, қайтарымсыз несиеге қалай қол жеткізуге болатындығын айтты.
Жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Саян Төленбекұлы «Бизнес бастау, кәсіпкерлерді оқыту курстары, бизнес план жасау, бір ауыл, бір өнім жобасы» бойынша бағыт- бағдар берді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ботагөз Саматова мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды ұтымды пайдаланып, әр бағытта кәсіп ашуға болатынын тілге тиек етті.
«Іскер әйелдер кеңесі» мұрындық болған жиында Кәмпит Елеутова кешегі қиын-қыстау заманда тиыннан теңге құрап, осы күнге жеткеніне шүкіршілік етті. Баянды бастаманың жүзеге асуына тілегін білдіріп, қызы Арайлымға ақ батасын берді.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы