«Ұлы дала керуені» атты халықаралық көшпелі көрмесі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде ашылды.
Атаулы тур Астана қаласынан бастау алып, әрі қарай Петропавлда жалғасқан.


Ендігі кезек Қостанай қаласына келіп, ұлттық құндылықтарымыз сіңген тарихи сурет туындылары қала тұрғындарына ұсынылды.

Көрме алдағы уақытта шетел асып Түркия, Бейжің, Токио, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан секілді елдерде өтпек. Айтулы «Ұлы дала керуені» көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.

Барлық сурет туындылары ұлттық болмысымыздың үнін көрсетіп тұрғандай ерекше әсер береді. Бұл суреттердің авторлары Бақытнұр Бүрдесбеков, Әділғали Баяндин, Үміт Жұбанышева, Айткүл Тасмағамбетова, Камилла Жапалова, Табиғат Күжімбаев, Нұрбек Жәрдемов сынды қылқалам шеберлері.

Көрменің ашылу салтанатында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов суретшілердің өнерлеріне алғыс білдіріп, жылы ілтипатын білдірді.

Мұнымен қоса, қылқалам шеберлеріне Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының арнайы алғыс хаттарын табыс етті.

Суретшілер осындай игі бастаманың әрі қарайда жалғасып, дамуына өз үлестерін қосатынын жеткізді. Сонымер қатар, әрбір суреттің бояуына дейін өзіндік мәні бар екенін атап өтті.

«Сурет арқылы біз осыдан сан ғасыр бұрынғы салт-дәстүрімізді, өмірімізді көре аламыз. Мен осы суреттерім арқылы біздің ұлттық болмысымыз мәңгі болсын деген тілекпен көшпенділердің өмірін суретке салдым. Мысалы, мына суретімде бейнеленіп тұрғандай, “Қыз Жібек пен Төлегендегі” ғашықтар жырының символы ретінде ақ және қара атты, кең даламыздағы керуен сарайдың түйелерін және қыран бүркіттей қалықтасақ деген тілекпен қыранды бейнеледім», – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин.
Бұл көрме ежелгі Ұлы Жібек жолының мәдени және тарихи байланыстарын насихаттауға бағытталған. Көрмеге келген әр қатысушы халқымыздың тарихи кезеңдеріне сурет арқылы саяхаттай алды.
Жанель Құттыбай
